Астанада мемлекеттік органдарға тұрғындардан жылына 8-ден 10 мыңға дейінгі аралықта арыз-шағым түседі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қалалық тәртіптік кеңесінің төрағасы Әбен Ерланның айтуынша, тек тәртіптік кеңестің өзінде мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз әрекеттеріне жылына тұрғындардың 500-ге жуық шағымдары қаралады. Сондай-ақ тәртіптік кеңестің отырысында бір жылда 100-ден 150-ге дейінгі аралықтағы лаузым иелерінің әрекеттері талқыланып, оларды тиісті жауапкершілікке тарту мәселесі шешіледі. «Тәртіптік кеңес 2009 жылы мемлекеттік қызметкерлерге қатысты 19 әкімшілік іс қозғаған болса, тек биылғы жылдың 5 айында ғана 10 әкімшілік іс қозғалды. Яғни жағдай күрделеніп барады. Сондықтан біз бұл мәселеге барынша байыппен қарағанымыз дұрыс», деді кеңес төрағасы.
Сондай-ақ оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер негізінен мемлекеттік қызметкерлер туралы заңнамаларды бұзғаны үшін, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдарын қарауға қатысты заңдарды бұзғаны үшін жауапқа тартылады. Сонымен қатар олар жемқорлықпен күрес заңнамалары мен мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексін көп бұзады.