Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай шаралар өтеді

4-10 маусым аралығында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Елімнің рәміздері - Тәуелсіздіктің белгісі» атты слайд көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар 4 маусымда сағат 11.00-де «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінде «Рәміздерді құрметтейік» атты дөңгелек үстел өтеді. Шараға елорданың белсенді жастары тартылады. Конференцияның басты мақсаты - мемлекеттік рәміздерге деген құрметті насихаттау, жас ұрпақты патриотизмге баулу. Ал қаланың барлық кітапханаларында бір ай бойы рәміздер тарихынан сыр шертетін кітап көрмелері ұйымдастырылады. 4 маусымда №8 қалалық кітапханада «Қазақстанның мемлекеттік рәміздері» атты елорда тұрғындарымен әңгімелесу сағаты, №2 кітапханада - «Ел рәміздері - ел рухы» атты азаматтық сабақ өтеді. Еске сала кетейік, 1992 жылғы 4 маусымда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңға қол қойды.