Астанада мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада ITMLab 2.0 ұлттық жобасының финалы өтті. Іс-шара барысында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тестілеуден өткен технологиялық прототиптер таныстырылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Astana Hub халықаралық технопаркінде инклюзивті технологиялардың ITMLab 2.0 акселерациялық бағдарламасының екінші маусымының қорытынды іс-шарасы – Demo Day өтті.
Алаң мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған технологиялық шешімдерді таныстыру үшін мемлекет, бизнес, инвесторлар және азаматтық сектор өкілдерінің басын қосты.
Жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және «Шеврон» компаниясының қолдауымен ITeachMe қоғамдық қоры іске асырып жатыр. Бастаманың басты мақсаты – технологиялар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың тең қолжетімділігін және әлеуметтенуін қамтамасыз ету үшін нақты құрал ретінде әрекет ететін тұрақты экожүйені құру.
Demo Day жұмысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысты. Ведомство басшысы ұсынылған жобалармен танысып, мемлекеттік күн тәртібі аясында мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
-2024 жылдан бастап біз 2030 жылға дейінгі жаңа Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыруды бастадық. Мемлекет басшысы жариялаған биылғы Цифрландыру жылы онымен тығыз үйлеседі. Мемлекетке осындай технологиялық шешімдер қажет. Сондықтан, гранттардан бөлек, біз жобалар нарыққа шыққанға дейін оларға тәлімгерлік қолдау мен толық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін боламыз. Министрлік биылғы жылы бірқатар өзінің цифрлық шешімдерін енгізіп жатыр. Олардың қатарында – мүгедектік тобын белгілеу кезінде жасанды интеллектіні пайдалану, сондай-ақ инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту үшін жұмыс орындарын квоталау тетігін орталықтандыру жобасы бар, – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Финал аясында еліміздің 10 өңірінен келген 10 әзірлеушілер тобы өздерінің тестілеуден өткен технологиялық прототиптерін таныстырды. Бұған дейін қатысушылар қатаң конкурстық іріктеуден өтіп, өз әзірлемелерін іс жүзінде іске асыруға 600 000 теңге көлемінде мақсатты гранттық қолдау алған болатын.
Ұсынылған жобалар дербестікті кеңейтуге, сенсорлық дағдыларды дамытуға және мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағдарланған.
Ұсынылған шешімдердің практикалық маңыздылығы және олардың ерекше қажеттіліктері бар адамдарды белсенді өмірге ықпалдастыруға тигізетін әсері туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Захира Беғалиева айтып берді.
-Жасанды интеллект оқу мен жұмыстағы кедергілерді жоя отырып, мүгедектігі бар адамдардың өмірін түбегейлі өзгертеді. Әлеуметтік инновациялар көбінесе ерекше қолдауды қажет етеді, сондықтан біз осындай технологияларға инвестиция салудың маңыздылығын көрсету үшін осында инвесторлар қауымдастығын жинадық. Біздің мақсатымыз – әзірлеушілердің идеяларын прототиптен нақты енгізуге дейін жеткізу. Қолжетімді инклюзивті ортаны құру – бұл жалпымемлекеттік жауапкершілік», – деді Захира Беғалиева.
Іс-шараны қорытындылай келе, қатысушылар мемлекеттік аппараттың, әлеуметтік жауапты бизнестің және үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіру идеяларды нақты, жұмыс істейтін құралдарға айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
-ITMLab 2.0 аясында жобаларды іске асыру ұзақ мерзімді әлеуметтік құндылықты қалыптастыруға және тең мүмкіндіктер қоғамын құруға елеулі үлес қосады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін мүгедектігі бар 10 адамды жұмыспен қамтыған ұйымдарға салықтық қолдау сақталатыны туралы жаздық.