Астанада мүгедектікті анықтау процесі қалай жүргізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова қалалық ОКҚ-де өткен баспасөз мәжілісінде мүгедектікті анықтау үшін азамат қандай кезеңдерден өтетінін түсіндірді.
Оның айтуынша, алғашқы кезең медициналық көмек көрсетуден басталады. Егер адамның ауруы немесе денсаулығында тұрақты бұзылыстар болса, ол медициналық ұйымға жүгініп, ем қабылдайды және қажетті тексерулерден өтеді. Тексеру нәтижелері медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі.
— Денсаулық жағдайы адамның жүріп-тұруы, еңбек етуі немесе өзіне-өзі қызмет көрсетуі қиындаса, медициналық ұйым оны медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереді. Қолданыстағы тәртіп бойынша да мүгедектікті анықтау үшін әуелі медициналық ұйымға жүгініп, қажетті диагностикадан өту қарастырылған, — деді ол.
Келесі кезең — медициналық-әлеуметтік сараптама. Департамент директорының айтуынша, мұнда адамның диагнозы ғана емес, аурудың оның күнделікті өміріне қаншалықты әсер ететіні де бағаланады. Атап айтқанда, еңбек ету, жүріп-тұру, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі және қандай қолдауға мұқтаж екені ескеріледі.
— Бірқатар жағдайда сараптама сырттай-проактивті форматта жүргізіледі. Осылайша, азаматтың медициналық құжаттары электронды түрде қаралып, шешім оның жеке қатысуынсыз қабылданады. Мұндай тәсіл, әсіресе өздігінен жүріп-тұруы қиын адамдар үшін маңызды. Сырттай куәландыру кезінде құжаттарды жолдаудан бастап сараптамалық шешім шығаруға дейінгі кезеңдер ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады, — деді спикер.
Ләззат Сартымбетованың мәліметінше, қазір Астанада сырттай-проактивті форматтың үлесі 53,2%-ға жеткен. Республикалық орташа көрсеткіш — 47,5%.
Мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматқа қажетті әлеуметтік қолдау шаралары нақтыланады. Оған ақшалай төлемдер, оңалтудың техникалық құралдары, арнаулы әлеуметтік қызметтер, жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер қызметі, сондай-ақ санаторийлік-курорттық емделу кіруі мүмкін.
— Мәселен, мүгедектігі бар балаға оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленіп, оның аясында қажетті техникалық құралдар мен санаторийлік-курорттық емделуге жолдама қарастырылуы мүмкін, — деді ол.
Айта өтейік, бұған дейін Астанада мүгедектікті рәсімдеу тәртібі жеңілдейтінін жазғанбыз.