Астанада Нартай Бекежанұлы атындағы жыршылар байқауы өтуде

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Шабыт» концерт залында «Өздерің білер - Нартаймын» деген атпен әнші-жыршылардың республикалық І конкурсы басталды.

Астанада Нартай Бекежанұлы атындағы жыршылар байқауы өтуде

Бұл өнер жарысын ҚР Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым минис­тр­ліктері, Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімдігі, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті, Қорқыт атындағы өнертану ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырып отыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қадағалауымен дәйекті түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткізілгелі отырған үлкен шараның мақсаты - ХХ ғасырдағы қазақ өнері мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі - майталман өнерпаз: әнші, жыршы, ақын, сазгер Нартай Бекежанұлының (1890 - 1954) өзіндік ерекше шығар­ма­шы­лығын рес­пуб­ли­ка­лық деңгейде насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық дәстүрлі өнерге ын­та-ықыласына серпін беру, Нартайдың азаматтық, өнерпаздық бірегей тұлғасын таныта түсу.

Байқау бағдарламасының талабына сәйкес әрбір қатысушы Нартай Бекежанұлының алты әні мен шығармасын орындауы тиіс. Нартай Бекежанұлының замандастары: Тайжан, Шашубай, Майра, Кенен ақынның озық ән үлгілерін сырнай мен домбырада орындау конкурс талаптарына сай тең дәрежеде бағаланады.

Нартай өзінің алдындағы аға буын Бұдабай Қабылұлы және туған ағасы Мәнсүр ақындарды үлгі, ұстаз тұтқан. Он жеті жасынан жыр төгіп, ән салған. Нартай мектебі шәкірт­терінің айту мәнері күллі қазақ арасында өзгеше, оны ешкіммен де шатастыра алмайсыз.

Нартай 1890 жылы Сыр елінде - осы күнгі Қызылорда облысының Шиелі ауданында Қара­таудың бітер тұсына жақын Бестам жерінде дүние­ге келген.

Нартай жасында Сыр сүлейлері Балқы Базар, Әубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, ағасы Мәнсүр өлең-жырларын жаттап өскен. Көрші Ұлытаудан Сыр бойына қыдырып келген Тайжан ақыннан бата алған. Жастайынан өнерпаздық дабысы аймаққа тарап, әйгілі әнші, айтыскер, сері ақын атанады.

Нартай шығармашылығының ең бір шарық­таған кезі өткен ғасырдың отызыншы-қыр­қыншы жылдары деп айтуға болады. Бұл кезеңде республикалық деңгейде ұйымдастырылған өнер сайыс шаралары Нартайдың қатысуынсыз өтпе­ген.

Ақын-сазгердің «Нартай әні», «Өздерің білер Нартаймын», «Алтын көкем», «Толқын», «Сер­пін», «Базарым өтіп бара ма?», «Бейбітшілік», «Жеңіс жыры», «Жаса, Қазақстаным!» сияқты сырлы да сиқырлы, жүрек тебірентерлік, құлақ­қа жағымды талай ән-жырлары бар. Өкінішке қарай, оның ән-жыр, айтыстарының бірде-бірі өз аузынан, өз үнімен не күйтабаққа, не үнтас­паға жазылып алынбаған. Замана бұлбұлы һәм дүлдүлі Нартай 1954 жылы 64 жасында науқастан қайтыс болады. Зираты туған ауылында, басына үлкен кесене тұрғызылған.