Астанада Наурыз мейрамы заманауи технологиялармен ұштасты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сарыарқа ауданының қалалық алаңы нағыз мерекелік думанның ошағына айналды.
Биылғы Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл шараның сипаты мүлдем бөлек.
Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру жылымен және жасанды интеллектіні дамыту жоспарымен ұштастырылды. Мұнда ата-бабамыздан қалған асыл мұра мен болашақтың технологиялары бір арнада тоғысқан. Бұл шаралар тек мерекелік думан ғана емес, сонымен қатар елорданың инновациялық әлеуетін көрсетудің маңызды алаңына айналды.
Бүгін аспан ашық, күн райы да қала тұрғындарының серуендеуіне қолайлы болып тұр. Алаңның әр бұрышынан естілген әуезді әуен мен жұрттың шат күлкісі көктемнің нағыз тынысын сездіреді.
Алаңға аяқ басқан бойда биіктігі 10 метрлік «Сарыарқа әже» мүсіні көрінеді. Орта ғасырлық стильде безендірілген бұл алып фигура мерекелік алаңның басты символы іспетті. Мүсін айналасындағы тематикалық безендірулер мен ұлттық нақыштағы декорациялар келген қонақтарды бірден баурап алады.
Мерекенің көркі, келушілердің қарасы қалың нысан — ішінде жасанды интеллекті көмегімен жасалған ЖИ-аватарлар мен фотокабина орнатылған киіз үй болды. Мұнда ЖИ-аватарлар арқылы кез келген адам экран алдында тұрып, виртуалды түрде әртүрлі ұлттық киімдер мен кейіпкерлердің бейнесін киіп көре алады.

Сонымен қатар киіз үйдің төрінде гуманоид-роботтардың өнері қызып жатыр. Кестелі шапан киіп алып, мың бұрала «қара жорға» билеген темір адамның қимылы жиналған жұртты таңдай қақтырды. Демеушілермен бірлесе орнатылған бұл роботтар бүгінгі робототехниканың әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерін паш етті. Тіпті дәстүрлі садақ атудың өзі бұл жерде цифрлық форматқа көшкен. Нысана ретінде теледидар экрандары қолданылып, жастар мергендігін виртуалды жебемен сынап жатыр.


Ал алаңдағы VR-зонаның алдындағы кезек таусылар емес. Арнайы көзілдірік киген бүлдіршіндердің көңілі көтеріңкі. Олар виртуалды шындық арқылы қиял-ғажайып әлемге саяхат жасады. Тоғыз жасар Михаил Хрипун есімді бүлдіршін өзінің алған әсерін былай жеткізді:
— Маған VR ойындар өте қатты ұнады. Ол жақта динозаврларды, мен айдаһарларды көрдім. Жыландар мен құстар да болды, бәрі дәл қасымда тұрғандай шын сияқты көрінеді, — дейді ол.

Балалар виртуалды ойыннан шығып, дереу алаңдағы фотокабиналарға қарай жүгірді. Онда отбасымен, достарымен бірге түрлі-түсті естелік суреттерге түсіп, мәре-сәре болып жүр.
Наурыздың ең басты нышаны — кең дастархан мен дәмді ас. Алаңның бір бөлігінде мерекелік сауда қызып тұр. Сарыарқа ауданының үздік кафе-мейрамханалары мұнда өз өнімдерін ұсынып жатыр. Үлкен қазандарда бұрқ-сарқ қайнап жатқан наурыз көженің иісі бүкіл алаңды алып кеткен. Бұл жерде ожаумен сапырылған көже келген қонақтарға таратылды. Сондай-ақ бал бауырсақ пен шелпек, ұлттық десерттер жент пен құрттың түр-түрі мұнда молынан.

Мерекелік серуенге шыққан Станислав пен Зарина есімді тұрғындар ұйымдастыру деңгейіне риза екенін айтады:
— Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз! Алаңдағы көңіл-күй керемет, ұйымдастыру өте жоғары деңгейде. Адам көп болғанына қарамастан, бәрі көңілді. Біз де үйден бауырсақ, шелпек пісіріп, ет асып, қонақ күтуге дайындалдық. Мұндай мерекелік шаралар мен жәрмеңкелер көңіл-күйді көтереді, — дейді олар.

Сонымен бірге алаңның орталық сахнасында концерттік бағдарлама басталды. «Меломен» тобы, Зарина Омарова, Жаскелді Маясаров, «Заман» тобы мен Мереке Кенжеғұлов сияқты еліміздің танымал өнер иелері ән шырқап, жұртты биге шақырды. Халық сахна алдында әнге қосылып, мәре-сәре болып жатыр.
Мерекенің спорттық аймағында нағыз қызу тартыс жүріп жатыр. Қол күрес пен гір тасын көтеруден ұйымдастырылған сайыстарға кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Мықтылардың арасындағы бәсеке оңай емес, себебі жеңімпаздарды бағалы сыйлықтардан тұрмыстық техникалар күтіп тұр. Күш сынасқан жігіттердің білегі мен жігерін көрген жұрт дуылдап, оларға қолдау көрсетіп жатыр.

Сарыарқа алаңындағы бұл мереке дәстүр мен заманауи технологияның қалай үндесетінін паш етті. Роботтар мен ЖИ-аватарлар қазақтың қонақжайлылығымен ұштасқанда, Наурыз мейрамы мүлдем жаңа қырынан ашылды. Мерекелік думан кешке дейін жалғасады, ал алаңдағы халықтың қарасы азаяр емес.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды екенін атап өткен болатын.
Бұған дейін Әз-Наурыз Қытайда қалай тойланатынын жазған едік.