Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін жетілдіру жайын талқылады

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалында партия белсенділері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысқан «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін жетілдіру» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін жетілдіру жайын талқылады

Іс-шараның негізгі мәселесі - мемлекет бір орында тұрмай, дамып отыратындықтан және Мемлекеттік қызмет туралы заң да жетіліп отыру керек болғандықтан, мемлекеттік қызмет жұмысының жақсаруы мен қайта ұйымдастыру мәселелерін, заң жобаларын, құжаттамаларды талқылау болды.

Кездесу барысында жуырда мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін жетілдіру бойынша «Нұр Отан» партиясы ұсынысының алғашқы таныстырылымы болғандығы туралы аталып өтілді.

«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әмірхан Рақымжанов атап өткеніндей, елде Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, ҚР Орталық мемлекеттік органдары Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінінің тұжырымдамасы әзірленді. Бұл пилоттық жоба Ақмола облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне енгізілген.

Ә. Рақымжанов осы құжат негізінде орындалып жатқан кадрларды іріктеудің, кадрлық резерв қалыптастырудың, мемлекеттік қызметкерлердің мансабын өсірудің жаңа ерекшеліктері жайында мағлұмат бере кетті.

«Дегенмен сарапшылардың талдауларына сәйкес, сапалы мемлекеттік аппаратты жасақтау ісінде бірнеше мәселе айқындалды. Ең өзектісі - мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілетсіз еңбек жалақысы. Мемлекеттік қызметкерлердің төмен жалақысы объективті қызметтік міндеттерді орындауға ынталандыратын фактор болып табылмайды. Екнші мәселе - мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету жүйесінің әлсіздігі және әлеуметтік қамсыздандырудың жеткіліксіз деңгейі», дейді ол.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша ұсыныс әзірлеп, оны «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратына жіберу туралы шешім қабылдады.