Астанада оқушылардың «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық конференциясы басталды
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында мектеп оқушыларының «Ғылым әлемін ашамыз» атты бесінші халықаралық конференциясы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ғарыштық технологиялар, астрофизика, модельдеу, ғарыш және жер ғаламшарын зерттеу саласындағы оқушылардың ғылыми ізденушілік қабілеттерін ынталандыру мақсатында өткізіліп отырған конференцияның жұмысына Грузия, Ресей және Қазақстанның белгілі ғалымдары қатысуда. Ғылыми мәжіліс аясында ғарыштық технология, авиация және электр қуатын өндіру саласындағы оқушылардың ғылыми жобаларына арналған көрме ашылды. Көрмені аралаған ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев және ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев оқушылардың ғылыми жобаларына жоғары баға берді. Екі күндік конференцияның қорытындысы ертең, сәуірдің 9 күні шығарылады.