Астанада өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің көлемі 18 пайызға ұлғайды
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада 2013 жылғы 11 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің көлемі 17,9% артты. Бұл туралы қалалық Статистика департаментінен хабарлады.
Өндіріс көлемінің өсуі тамақ өнімдері, өзге металл емес минералдық өнімдері, металлургия өнеркәсібі және машина жасау салаларында байқалады.
«2012 жылдың қаңтар-қараша деңгейімен салыстырғанда дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн, майда тартылған ұн қоспалары 2,4%, жаңа піскен нан 7,1%, сүт өндірісі 41,7%, макарон өнімдерінің өндірісі 1,5 есе өсті», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сары май 9,1%, ірімшік және сүзбе 15,7%, шұжық өнімдері 16,4% төмендеді.
Елорданың ресми сайтының жазуынша, құрылыс индустриясы кәсіпорындарымен тауарлық бетон, цемент, бетон немесе жасанды тастан жасалған құрылысқа арналған құрастырмалы конструкциялар элементтері, құрылыс ерітінділері өндірістерінің өсуі қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, машина жасаудағы өнімнің нақты көлемінің өсуіне дизельді локомотивтер мен теміржол жолаушылар вагондарын шығаруды 2,8 есе ұлғайту әсер еткен.