Астанада өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының прокуратурасында қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Елімізде өндірістік жарақат алғандар саны 16,6%-ға азайған
Фото:ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Отырыс барысында 2023–2025 жылдар аралығындағы өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері қаралды. Бұл мәселенің өзектілігі сақталып отырғаны және бақылауды күшейтуді, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыруды талап ететіні атап өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданды. Полиция департаментіне өндірістік жарақаттанудың барлық фактілерін міндетті түрде тіркеуді қамтамасыз ету және оларды жасыруға жол бермеу тапсырылды.

— Мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарына жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, тексерулердің мерзімдерін сақтау және профилактикалық жұмысты жандандыру жүктелді. Денсаулық сақтау басқармасына жарақаттар туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына беру бойынша бірыңғай алгоритм енгізу тапсырылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ведомствоаралық мобильді топтар құру, цифрлық шешімдерді енгізу және тексерулердің заңдылығына бақылауды күшейту, оның ішінде тоқтатылған істерді қайта қарау көзделді.

Берілген тапсырмалардың орындалуы ерекше бақылауға алынды. Қала прокуратурасы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Осыған дейін өндірістік жарақат алған адамға өтемақы қалай есептелетінін жаздық.