Астанада оңтүстіктің қауын-қарбызы тегін таратылатындығы туралы ақпарат жалған - әкімдік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Оңтүстік Қазақстан облысынан әкелінген бақша өнімдері тегін таратылады деген ақпарат жалған. Бұл туралы елорда әкімдігінің медиа орталығынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада оңтүстіктің қауын-қарбызы тегін таратылатындығы туралы ақпарат жалған - әкімдік

«Елорда басшылығы мен ОҚО әкімдігі Астанадағы Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында бақша өнімдері тегін таратылатындығы туралы ақпаратты жоққа шығарады», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, жуырда жекелеген БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде Астанадағы Оңтүстік-Қазақстан облысының күндері 40 тонна қауын-қарбыз өнімін тегін таратудан басталатындығы туралы ақпарат тараған болатын.

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған оңтүстік өңірдің Астанадағы мәдениет күндері 29 тамыз - 3 қыркүйек аралығында өтеді. Бағдарламада «Қазыналы Оңтүстік» қолөнер шеберлерінің көрмесі, концерттер, анимациялық және көркем фильмдердің көрсетілімі күтілуде. Қойылымдарды Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық театр, облыстық орыс драма театры, сатира және әзіл-оспақ театры, қуыршақ театры және  «Оңтүстік-цирк» әртістері қояды.