Астанада өтетін Азия чемпионатына 380-ге тарта таэквандошы қатысады
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мамырдың 21-де Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде таэквандодан (WTF) 19-шы Азия чемпионаты басталады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін ұйымдастыру жұмыстарына арналған баспасөз мәслихатында Қазақстанның Таэквандо федерациясының президенті Шамсат Исабеков, Азия чемпионаты Қазақстанда алғаш рет өтетіндігін мәлім етті. «Азияның таэквандо одағының бұл шешіміне Қазақстанның беделі және спортшыларымыздың шеберлік деңгейі жағынан Азия елдері арасында 5-ші орында, ал Әлем рейтінгісі бойынша 17-ші орында тұруы өз әсерін берді», дейді ол.
Биылғы чемпионат аясында - Пумсе (таэквандо техникасын көрсету) біріншілігі қатар жүргізіледі. Пумседен болатын жарыс биыл тарихта алғаш рет өтпек. Бұл - Қазақстандағы Азия чемпионатының басты жаңалығы.
Азия біріншілігіне 20 елден 380-ге тарта спортшы келіп қатыспақ. Соның ішінде бұл спортта дес бермейтін Оңтүстік Корея, Жапония, Иран таэквандошыларының түгел келуі - жарыстың аса жоғары деңгейде өтетіндігіне үміт арттырады.
Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Қырғызбаевтің айтуынша, отандық таэквандошылардың дайындығы жақсы деңгейде. Жарыстың алғашқы кезеңдерінде қарсыластарды анықтау кезінде жеребенің сәтті түскендігін де атап өткен жөн.
Халықаралық жарыс мамырдың 23-і күні аяқталмақ.