Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі ел дамуына серпіліс береді
АСТАНА, ҚазАқпарат - 2015 жылы Италия мемлекетінде Милан қаласында Халықаралық «ЭКСПО-2015» көрмесі өтті. Көрме сансыз экспозициялар, мыңдаған қызықты оқиғалар, мәдени шаралар мен кездесулер, концерттер азық-түліктерді өндірудегі дәстүрлер мен жаңалықтарға арналды. Көрмелік павильондар үшін Миланның солтүстік-батысындағы 1 млн шаршы метрден асатын алып аймақ берілді. Басты экспозиция Fiera Milano көрмелік орталығы болды.
Қазақстан бұл көрмеде «Тақырып пен мазмұнның үздік ашылуы» номинациясы бойынша ең үздік павильондардың үштігіне енді. Екі қабатты ғимаратта жалпы ауданы 3000 шаршы метрлік жерде орналасқан Қазақстандық павильонның тақырыбы «Қазақстан мүмкіндіктер елі» деп естіліп тұрды. Біздің еліміздің павильоны көрменің бүкіл кезеңі бойынша көрермендер ең көп келген павильондар санына кірді және көрмені ұйымдастыру комитетінің ұйымдастырған дауыс беру нәтижелері бойынша көшбасшы болды.
Осындай жетістіктердің нәтижесінде EXPO Халықаралық көрмелер бюросының шешімі бойынша дауыс беруге қатысқан 161 мемлекеттің 103-і Қазақстан қаласына беріп, «EXPO - 2017» көрмесін Еуразияның қақ төрінде орналасқан Елордамыз Астана жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстанның 20 жылдың ішінде әлемдегі сенімді, демократиялық құндылықтарды қастерлей білетін тәуелсіз ел екенін таныта алды. Жалпы, осы уақытқа дейін өткен дүниежүзілік көрмелер әлемнің экономикалық және ғылыми байланыстарының дамуы мен кеңеюіне үлкен ықпал етті.
Өткен халықаралық көрмелер - әртүрлі елдерде тұратын бірақ бірдей құндылықтар, мүдделер және мақсаттары мен біріккен адамдардың араласуының бірегей мүмкіндігін сыйлады. Көрме нәтижесінде Лондондағы Хрусталь сарайы; Париждегі Эйфель мұнарасы; Париждегі Александр 3 көпірі; Венадағы Ротонда - әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон, Мельбурндегі патшалық көрме павильоны секілді ХКБ-ның өзіндік мұрасы пайда болды.
Бұл күндері Еліміздің бас қаласы - Астана тарихы үш ғасырға созылып келе жатқан EXPO халықаралық көрмесі салтанат құратын аймаққа айналуда. EXPO көрмесінде әлемнің барлық мемлекеттері өздерінің технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктері халық назарына ұсынылады. Көрме аясында жаһандық дамудың жаңа бағыттары айқындалуда. Оған барлық құрлықтардың жүздеген мемлекеттерінен миллиондаған адамдар қатысуда. Көрме үш айға созылады. Елімізде өткізіліп отырған EXPO-2017 көрмесі Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы мен Орталық Азияда тұңғыш рет өткізілгелі тұрған бірегей шара болмақ. EXPO ауқымында салынған нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
«Елдің дамуының «Жасыл» жолына көшуіне Астанада өтіп жатқан
«ЭКСПО-2017» қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылуда. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады» - деді Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, көне тарихымен, өнерімен, дәстүрлері мен қонақжай мінезімен таныстырылып, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы танымалдылығы мен тартымдылығын жоғарылатады. Елорданың мәдени дамуы да маңызды іс. EXPO өткізу кезінде Астана қаласы дүниенің әр бұрышынан келген әр түрлі мәдениет үндеріне толды. Күн сайын көрме аумағында концерттер, шоу, Ұлттық Күндер және басқа ойын-сауық шаралары өтіп жатыр. Көрме аясында Орталық Азиядағы ең ірі музей Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі халықаралық мамандандырылған еліміздегі рухымызды көтеру жағынан ғана емес, еліміздің төл тарихы мен мәдени мұрасының асыл қайнарларынан сыр шертетін «Сұлтан Бейбарыс және оның заманы», «Сақ Алтындары» және әлемдік өнер жауһарлары болып табылатын шетелден келетін «Ежелгі Мысыр ескерткіштері», «Қытайдың Цинь Шихуанди императорының Терракота әскері», «Шығыс пен Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ», атты т.б. көрмелері халық назарына ұсынылды.