Астанада өтіп жатқан BaiQymyz-2026 фестиваліне қалай баруға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестиваліне байланысты қоғамдық көлік қозғалысына уақытша өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
11-12 шілде күндері Астанада қымыздан дәм тату, концерттер, ұлттық ойындар, көрмелер мен этномәдени іс-шараларды қамтитын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді.
Ұйымдастырушылар тұрғындар мен қала қонақтарына фестиваль өтетін «Қазанат» ипподромына қоғамдық көлікпен баруға кеңес береді.
Осыған байланысты 7-13 шілде аралығында №18, №37 және №303 автобус бағыттарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгертілді. Бұл кезеңде аталған автобустар «Қазанат» ипподромына дейін қатынайды.
Сонымен қатар фестиваль өтетін 11 және 12 шілде күндері осы бағыттардың жұмыс уақыты ұзартылып, автобустар сағат 23:00-ге дейін жүреді.
Айта кетейік, BaiQymyz-2026 фестивалі 11-12 шілде күндері «Қазанат» ипподромында өтеді. Бағдарлама аясында «Үздік қымыз» халықаралық байқауы, жылқының ұлттық тұқымдары көрмесі, қолөнер жәрмеңкесі, қазақстандық өнерпаздардың концерті, ұлттық және заманауи спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.