Астанада патриоттық әндер фестивалі өтуде
ТАНА. 20 қазан. ҚазАпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы Конгресс Холл сарайында Қазақстанның танымал әншілерінің қатысуымен Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Әнім саған - Қазақстан!» атты патриоттық әндер фестивалі өтуде.
Онда елорданың 13-ке тарта әртісі мен өнер ұжымдары халық арасына тез тараған әйгілі патриоттық марштар мен әндерді орындайды. Сонымен бірге концертте әнсүйер қауымға бұрын-соңды айтылмаған жаңа шығармалар да ұсынылды.
Оған халық әртісі Роза Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров және әнші Бибігүл Ысқақова сынды танымал әртістер қатысып, елордалықтардың фестивальге деген қызығушылығын қыздыра түсті.
«Бұл кеште Қазақстанның осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері, кең байтақ жері, сүйікті қаламыз - Астана, елдің бірлігі мен ынтымағы туралы әнмен жырланады. Фестиваль патриоттық сезімді жоғары көтеру, өзінің еліне, жеріне халқына деген сүйіспеншілікті арттыруды мақсат етіп отыр», - дейді «Нұр Отан» ХДП-нің Астана қалалық «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жұмжаев.