Астанада полиция заңсыз студияның қызметін тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Стоп трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз жұмыс істеген студия әшкереленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сол жағалаудағы тұрғын үй кешендерінің бірінің жертөлесінде орналасқан студияның қызметін тоқтатты. Заңсыз нысан интернет желісінде жарияланған арсыз жарнама арқылы анықталды.
Оқиға бойынша студия иесі белгілі болып, заңда көзделген тәртіппен тексеру жүргізілуде. Полиция бұл іс бойынша жауапкершілік шаралары қабылданатынын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдары мұндай орындардың қоғамның моральдық құндылықтарына, мәдени мұрасына елеулі қатер төндіретінін атап өтті.
«Елорда – рухани әрі мәдени дамудың үлгісі болуы тиіс қала. Азғындыққа құрылған жалған «көңіл көтеру» түрлерінің таралуы жастарға кері әсер етеді», – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды арсыздыққа итермелейтін, қоғамдық мораль қағидаларына қайшы кез келген әрекеттер қолданыстағы заңнама шеңберінде қатаң тоқтатылатынын ескертеді. Сондай-ақ күмәнді қызмет түрлері немесе заңсыз әрекеттер байқалған жағдайда дереу ішкі істер органдарына хабарлауға шақырады.
Айта кетейік, СҚО-да қылмыстық топқа қамқорлық жасаған полиция майоры сотталды.