Астанада пробациядағы 12 адам тыйым салынған зат қолданғаны үшін жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада пробациялық бақылаудағы сотталғандар арасында психоактивті заттарды медициналық емес мақсатта қолдану фактілерін анықтау жөнінде жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.
Прокуратураның мәліметінше, іс-шара барысында 69 адам тексеруден өтті. Маманның қорытындысы бойынша олардың 12-сі тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталды.
- Сот қаулысымен бұл азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 10 адам әкімшілік қамаққа алынып, 2 адамға айыппұл салынды, - делінген ақпаратта.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, аталған шаралар қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, пробацияда жүрген азаматтардың заңға және салауатты өмір салтына деген саналы көзқарасын қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, Талдықорғанда синтетикалық есірткімен ұсталған күдікті қамауға алынды.