Астанада прокурорлық қадағалау шараларын жетілдіру мәселелері талқылануда
АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада «Қазіргі замандағы прокурорлық қадағалаулардың өзекті мәселелері» атты тақырыпта қала және аудан прокурорларының біліктіліктерін арттыруға арналған семинар өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында еліміздің Жоғарғы сот, Бас прокуратура өкілдері мен заңгер мамандар аудан және қала прокурорларына арнап, дәріс оқыды. Сонымен қатар олар прокурорлық қадағалау шараларын тиімді жүзеге асыруда орын алып отырған кемшіліктер мен проблемалардың жайын баяндады. Жиында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған ҚР Бас прокуратурасы жанындағы заңдылық, құқық тәртібі проблемаларын зерттеу және прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, Сарқытбек Молдабаевтың айтуынша, өткен жылдар ішінде заңның орындалуын бақылау саласындағы жағдай біршама нығайды. Дегенмен бұл бағытта орын алып отырған кемшіліктер де жоқ емес. Сондықтан қазір прокуратура қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыруға мейлінше күш салу қажет. «Онсыз біз алдымызға Елбасы мен Бас прокуратура қойып отырған міндеттерді талапқа сай жүзеге асыра алмаймыз», деді институт директоры.
Жоғарғы сот Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы Ирак Елекеевтың айтуынша, бүгінде сот шешімдерінің орындалуы талапқа сай емес. Биылғы жылдың жартысында сот шешімдерінің 75,3 пайызы ғана орындалған. «Бұл мәселеге қатысты жағдайдың мүшкіл екені түсінікті. Өйткені бізде сот орындаушыларының саны өте аз. Айталық, елімізде барлығы 2 мың 433 сот бар болса, сот орындаушыларының саны 1 мың 700 ғана. Бізге қазір қол қусырып отыра бермей, қалыптасқан мәселенің шешілу жолдарын қарастыру керек. Бұл мақсатта біз қазір сот орындаушыларының айлық жалақыларын көтеру жөнінде Үкіметтің алдына тиісті ұсыныс қойып отырмыз», деді комитет төрағасы. Сондай-ақ ол өз сөзінде еліміздің сот және прокуратура қызметтеріне қатысты өзге де бірқатар проблемалардың жайын сөз етті.