Астанада ішек инфекцияларымен сырқаттану көрсеткіші 10%-ға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада биыл алғашқы бес ай ішінде жедел ішек инфекциясына қатысты 797 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,7%-ға аз. Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, сырқаттанушылықтың қарқынды көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 50,59 болған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 56,03 болған еді. Соған қарамастан елордадағы көрсеткіш республикалық орташа деңгейден 2,3 есе жоғары.
— Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл санатта 538 жағдай тіркеліп, жалпы көрсеткіштің 67,5%-ын алып отыр. Ішек инфекциялары көбіне бір жастан екі жасқа дейінгі және үш жастан алты жасқа дейінгі балалар арасында анықталды, — деді Жанна Пірәлиева.
Тіркелген жағдайлардың ішінде нақтыланған жедел ішек инфекциялары басым. Жыл басынан бері осы аурумен 592 жағдай тіркелген. Бұл жалпы көрсеткіштің — 74,2%-ы. Ал этиологиясы анықталмаған 202 жағдай тіркелсе, бактериялық дизентерияның үш жағдайы анықталған.
Жанна Пірәлиеваның айтуынша, инфекциялар әдеттегідей тағам мен тұрмыстық байланыс арқылы жұғып отыр. Тағам арқылы жұқтырудың 361 жағдайы, тұрмыстық байланыс арқылы жұқтырудың 98 жағдайы тіркелген. Ал 338 жағдайда жұқтыру көзі анықталмаған.
Эпидемияға қарсы шаралар аясында мамандар су құрамындағы патогенді микрофлораны анықтау үшін 34 сынамаға зерттеу жүргізді. Нәтижесінде қауіпті микроорганизмдер анықталған жоқ. Ал зерттелген 12 тағам өнімінің жеті үлгісінен санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін заң бұзу анықталған.
Есепті кезеңде елорданың инфекциялық стационарларына 652 адам жатқызылды. Жедел ішек инфекцияларынан қайтыс болу деректері тіркелмеген.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, қауіпсіз ауызсу пайдалану, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу және тағамдарды жеткілікті деңгейде термиялық өңдеуден өткізу қажеттігін еске салады.
Еске сала кетейік, Габон мен Вьетнамға барып келген алматылықтардан безгек ауруы анықталды.