Астанада шорт-тректен Қазақстан қысқы спартакиадасының жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында шорт-тректен Қазақстан VI қысқы спартакиадасы мәресіне жетті.

Төрт жылда бір рет өтетін айтулы додада 500 метр қашықтықта әйелдер арасында шығысқазақстандық Зейнеп Құмарқан чемпион атанса, ақмолалық Яна Хан мәре сызығын екінші, қостанайлық Полина Омельчук үшінші болып қиды.
Ерлер арасында қостанайлық Глеб Ивченко алдына жан салмаса, осы қашықтықта екі мәрте әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген ақмолалық Денис Никиша екінші, алматылық Валерий Клименко үшінші орынға қол жеткізді.
Бір мың метрден әйелдерден ақмолалық Ольга Тихонова, астаналық Мәлика Ермек және қостанайлық Анастасия Галечина үздік үштікке іліксе, ерлерден астаналықтар Әділ Ғалиахметов, Богдан Вехов, Абзал Әжіғалиев басқаларға жүлде ұстатқан жоқ.
Әйелдер арасында 3 мың метрлік эстафетада астаналықтар мәреге бірінші, батысқазақстандықтар екінші, қостанайлық қыздар үшінші болып жетті.
Ерлер арасында 5 мың метрлік эстафетада тағы да Астана мен БҚО шорттрекшілері алдыңғы екі орынды иемденсе, алматылықтар қола жүлдеге қол созды.
Аралас эстафетада (2 мың метр) ақмолалықтар қарсылас шақ келтірмесе, астаналықтар күміс, Қостанай облысының өкілдері қола медальды қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорттрекші Денис Никишаның әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ шорт-трекші Глеб Ивченкоға пәтер кілті табысталды.