17:45, 14 Қаңтар 2015 | GMT +5
Астанада шыны-әйнектер жинайтын контейнерлер қойылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық билік пен үкіметтік емес ұйымдар астаналықтарға пайдаланылған шыны бұйымдарды бөлек контейнерлерге тастауды үйретуге мүдделі. Осы ретте бүгін Астана қаласы Есіл ауданының әкімдігінде EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыру дирекциясы, «Эфес Қазақстан» компаниясы және «PosadiDerevo.kz» қоғамдық бірлестігі қатысқан үшжақты меморандумға қол қойылды.
Құжат әйнек қалдықтарын жинап, оларды екінші мәрте өңдеу жобасын іске асыруға негізделген. Бастамашылар осы ретте қаладағы 20 тұрғын үй кешендерінің ауласына сынабы бар лампаларды жинауға арналған қораптарға ұқсас контейнерлер қоюды көздеп отыр.
Жобаның құны 20 млн. теңгеге бағаланып отыр, оның ішіне контейнерлер сатып алу, тасымалдау қызметін төлеу және үгіт-насихат жұмыстары кіреді. Жоба авторларының айтуынша, жобаның негізгі бөлігі осы бастаманы халыққа жеткізу болмақ. Осы орайда ақпараттық-түсіндіру науқандары ұйымдастырылып, үйлердің кіреберістеріне, автобус аялдамаларына, қоғамдық көліктерге ақпараттық материалдар ілініп, телевизиядан жарнамалар таратылмақ.