Астанада сөндірілмеген сіріңке көлік өртіне себеп болды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада автотұрақта болған көлік өртіне байланысты сот екі көлік иесін де болған оқиғаға кінәлі деп таныды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың мамыр айында елордадағы автотұрақтардың бірінде болған. Жауапкер көлігінде темекі шегіп отырып, ашық терезеден сөндірілмеген сіріңкені сыртқа лақтырған. Сол сәтте газ баллон жүйесімен жабдықталған жақын маңдағы Audi A6 көлігі өртеніп кеткен.
Талап қою көлік иесінің тұрғылықты жері бойынша берілгендіктен, істі Тараз қалалық соты қараған.
Тәуелсіз бағалау қорытындысына сәйкес, келтірілген материалдық залал 2,9 млн теңгеден асқан. Өрттің басталу сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Сараптама өрттің талап қоюшының көлігінен газ буларының шығуы нәтижесінде пайда болған газ-ауа қоспасының тұтануынан болғанын анықтады. Ал тұтану көзі жауапкер лақтырған сөндірілмеген сіріңке болған», – деп мәлімдеді сот.
Жауапкерге қатысты қылмыстық іс қасақаналықтың болмауына байланысты, ал әкімшілік іс жүргізу ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған. Алайда бұл оны азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатпаған.
Сот өртенген көліктің иесі де өрескел абайсыздыққа жол бергенін атап өтті. Атап айтқанда, газ баллон жүйесімен жабдықталған автокөлік ұзақ уақытқа тұраққа қойылар алдында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес тексерілмеген, соның салдарынан газдың шығуына жол берілген.
Сот екі тараптың да кінә дәрежесін ескере отырып, талап қоюды ішінара қанағаттандырды. Нәтижесінде жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1,6 млн теңгеден астам материалдық залал мен сот шығындары өндірілді.
Айта кетейік, Қызылордада өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға 11,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.