Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада спорт саласының үздік мамандары марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасында Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Мерекелік жиында елорда спортының дамуына сүбелі үлес қосып, салада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтың еңбегі еленд. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлім етті.

Астанада спорт саласының үздік мамандары марапатталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Салтанатты іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрхан, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, «Қазақстан спорт ардагерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы филиалының басшысы Қуандық Елжанов, спорт ардагерлері, спорт ұйымдарының басшылары, жаттықтырушылар, әдіскерлер мен сала мамандары қатысты.

Жиында сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан спорт қауымдастығын кәсіби мерекемен құттықтап, елорда спортының бүгінгі жетістіктерінің артында спортшылармен бірге оларды биік белестерге жетелеген жаттықтырушылар мен сала мамандарының қажырлы еңбегі тұрғанын атап өтті. Мерекелік басқосуда дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға ведомстволық наградалар табысталды. Атап айтқанда, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Астана қаласының гандбол спорт клубының директоры Мира Қалабай және «Бұқаралық спорт түрлері бойынша спорт клубының» спорттық бағдарлау бойынша жаттықтырушы-оқытушысы Галина Корнилова марапатталды.

Астанада спорт саласының үздік мамандары марапатталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Ал «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісіне қалалық Олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы Данияр Төлегенов пен аталған орталық басшысының орынбасары Тельман Бегалиев ие болды. Сондай-ақ кәсіби шеберлігі, жауапты қызметі және көп жылғы жемісті еңбегі үшін спорт мектептерінің жаттықтырушылары, спорт ұйымдарының басшылары, федерация өкілдері мен сала мамандары Астана қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. 

Марапаттарды қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан табыстады. Салтанатты рәсім Астана қаласы әкімінің орынбасарының Алғыс хаттарын табыстаумен жалғасты. Марапаттарды қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит табыс етті. Басқарма басшысы өз сөзінде спорт саласының өкілдерін мерекемен құттықтап, әрбір жеңіс пен жетістіктің артында үлкен еңбек пен кәсібіне деген адалдық жатқанын атап өтті.

Астанада спорт саласының үздік мамандары марапатталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы әкімінің орынбасарының алғыс хатымен параспорт, балалар мен жасөспірімдер спорты, бұқаралық спорт, гимнастика, триатлон және басқа да бағыттарда нәтижелі еңбек етіп жүрген 11 маман марапатталды. 

Мерекелік жиында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің Құрмет грамоталары да өз иелеріне табысталды. Кәсіби біліктілігі, спорт саласындағы табысты қызметі және көп жылғы еңбегі үшін сегіз маман ведомствоның Құрмет грамотасына ие болды. Олардың қатарында спорт ұйымдарының басшылары, жаттықтырушылар, әдіскерлер мен сала қызметкерлері бар.

Салтанатты жиын соңында марапат иелеріне елорда спортының мерейін үстем ету жолындағы еңбектері үшін алғыс айтылып, жаңа белестер мен жарқын жеңістер тіленді. Іс-шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.

Қазақ спорты реформалардан кейін қалай өзгерді? Kazinform тілшісінің күніне сараптама мақаласын мына сілтемеден оқыңыз.