Астанада стоматологияда 20 жастағы жігіт көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM- Астана қаласындағы жеке стоматологиялық орталықтардың бірінде 20 жастағы жігіт қайтыс болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оған дәрі енгізілгеннен кейін денесі құрысып, жағдайы күрт нашарлаған. Соған қарамастан, біраз уақыттан соң инъекция қайта жасалған.
Әлеуметтік желідегі жазба авторларының айтуынша, екпені аллергиялық сынамасыз тәжірибеден өтіп жүрген практикант салған, ал стоматолог жағдайды тиісті деңгейде бақыламаған.
Полиция 20 жастағы жігіттің қайтыс болғанын растады. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша стоматологиялық орталықта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
- Оқиғаға байланысты бірқатар тергеу әрекеттері тағайындалған. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, - делінген хабарламада.
Бұған дейін Шымкентте дәріханалардағы егу бөлмелерінде 4 адам қайтыс болған.