Астанада Сұлтан Оразалин туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтеді

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 4 маусым күні басталатын бұл шараға Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында шығарылған 5 фильм қатыспақ. Оның екеуінің, атап айтқанда Сұлтан Оразалин туралы «Руханият сардары» және Камал Ормантаев туралы «Академик Ормантаев» туындыларының авторы - Жәнібек Жетіруов.
«Қазір Мырзатай Жолдасбеков туралы деректі фильмді түсіріп жүрмін. Сондай-ақ Оралхан Бөкеев туралы деректі фильмнің және О. Бөкеевтің пен Әбіш Кекілбаевтың повестері бойынша толық метражды көркем фильмдердің сценарийін жазып жатырмын. Ал Нью-Йорктегі фестивальде «Аққыз» көркем фильмі ұйымдастырушылардың өз таңдауы бойынша көрсетілді. Онда биыл деректі, қысқа және толық метражды 35 фильм байқау бағдарламасына қатысты», - дейді Ж.Жетіруов. Режиссердің айтуынша, онда толық метражды фильмдер арасында «Аққыз», деректі фильмдер арасында Әлия Назарбаеваның «Оянуы» («Пробуждение») жеңімпаз атанған. Бұл фестивальде бұған дейін Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі де толық метражды фильмдер арасында елге бас жүлдемен оралған болатын.
«Жалпы бұл «Аққыздың» алтыншы фестивалі. Бұған дейін ол ұйымдастырушылардың қалауы бойынша байқаудан тыс қатысып келсе, бұл жолы байқаудың негізгі бағдарламасынан орын алып отыр. Менің ендігі арманым шетелдегі фестивальдерде киносыншылар тарапынан жоғары бағаланып жүрген аталмыш туындыны Қазақстанда өтетін додаларға қосу. Өйткені бұл қазір отандық көрерменнің назарын аударудың бірден-бір жолы болып тұр», - дейді Ж. Жетіруов.