Астанада «Таза сана – Таза қала» байқауының жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогер арасында өткен «Таза сана — Таза қала» байқауының қорытындысы шықты.

«Таза сана – Таза қала» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз қызметі

Байқау 2025 жылғы 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп, оған 122 журналист, блогер және шығармашылық тұлғалар қатысып, 150-ден астам материал ұсынды.

Оның мақсаты — елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау.

Байқау «Жұмысшы мамандықтар жылының» аясында еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, сондай-ақ, Астана қаласының, оның шет аймақтары мен елді мекендерінің санитариялық жағдайын қамтамасыз ету тақырыбын ашуға бағытталған.

Салтанатты жиында «Астана Тазалық» ЖШС Бас директоры Замир Сагинов сөз сөйлеп, ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылының» маңызын атап өтті.

— Биыл 2025 жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл — күн сайын қаланы тазалап, көшені жуып, қоғам үшін үнсіз еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшының абыройын көтеру деген сөз. Артқа көз салсақ, ағымдағы жылы «Астана Тазалық» туралы ақпарат кеңістігінде 487 материал жарық көрді. Соның 370-і — қарапайым қызметкерлер туралы. Яғни, БАҚ өкілдері күн сайын бір жұмысшының еңбегін елге көрсетіп отырды. Бұл үлкен еңбек, — деді ол.

Сагиновтың айтуынша, биылғы байқауға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Бұл қоғамда тақырыптың өзектілігі жоғары екенін және бұқаралық ақпарат құралдарының оған белсенді түрде үн қосқанын көрсетеді.

Байқау жұмыстары келесі негізгі критерийлер бойынша бағаланды:

1. Тақырыптың өзектілігі мен қоғамдық маңыздылығы;

2. Материалдың тереңдігі мен шынайылығы;

3. Жазу стилі мен құрылымының сапасы;

4. Авторлық көзқарас пен шығармашылық ерекшелік.

Қазылар алқасының құрамында ақпарат саласының танымал өкілдері болды. Олар үздік жұмыстарды іріктеп, авторлардың еңбегін жоғары бағалады.

«Астана Тазалық» ЖШС бұл байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп, экология, еңбек адамы және қаланың көркейуіне үлес қосып жүрген журналистердің шығармашылығын қолдауға мүдделі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге брендтік сыйлықтар мен марапаттар табыс етілді. Бұл байқау экология мен тазалық мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында ұйымдастырылып, қала тазалығын жақсартуға үлес қосқан үздік журналистік жұмыстарды марапаттады.

Бұдан бұрын елордада жұмысшы мамандықтар байқауында «Астана Тазалық» көш бастағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар