Астанада Тазару күніне орай экологиялық іс-шаралар өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – «Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні – 23 наурыз Тазару күніне арналды. Осыған орай Астанада «Өзіңнен баста» челленджі бастау алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада Тазару күніне орай экологиялық іс-шаралар өтеді
Фото: Астана әкімдігі

Атап айтқанда, қалада еріктілердің қатысуымен жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың аулаларын қар мен қоқыстан тазартуға арналған қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аулаларды қар мен қоқыстан тазарту жұмысы жүргізіледі. Бұл – жаңа жылды жаңа мақсатта қарсы алудың символы.

Іс-шаралар қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға, тұрғындарды табиғатты аялауға ынталандыруға және тұрғылықты жердің тазалығына жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Таңертең Астанада «Табиғат – адамзаттың алтын бесігі» атты экоакция басталады.

Айта кетейік, Астанада Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді: қала бойынша ұлттық тағамдар жәрмеңкелері, концерттер, түрлі іс-шаралар, спорт жарыстары мен заманауи интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Мереке дәстүр мен жаңа технологияларды ұштастырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше әсерлі атмосфера қалыптастырды.

Бұдан бұрын Наурыз мейрамына орай Астанада ауқымды дрон-шоу өткенін жазған едік.