Астанада тәжікстандық өнімдер мен бұйымдардың жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Тәжікстан Республикасының Соғды облысынан әкелінген ауылшаруашылық өнімдері мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана
Фото: Астана әкімдігі

Тәжікстаннан келген кәсіпкерлер мың тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін сатылымға ұсынды. Оның ішінде жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністер, кептірілген жемістер, жаңғақтар және бақша дақылдары бар.

Келушілер сондай-ақ ғасырлар бойғы дәстүрді сақтаған тәжік қолөнерінің бірегей бұйымдарын сатып ала алады.

Астана
Фото: Астана әкімдігі

Жәрмеңкеде ұлттық тағамдар да сатуға ұсынылған. Күн сайын 10 қазанда кемінде 1 тонна палау дайындалып, 6 тандырда 5 мыңнан астам нан мен самса пісіріледі.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар Тәжікстаннан келген әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен ерекше концерттік бағдарлама әзірледі.

Астана
Фото: Астана әкімдігі

Іс-шараның басты мақсаты – шағын және орта бизнестегі мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту мен қолдау, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланысты нығайту.

– Бұл – тек базар емес, нағыз мәдени оқиға. Мұндағы атмосфера сондай ерекше, шынымен де шығыс базарында жүргендей әсер қалдырады. Біз мұнда тек өнімдер мен кәдесыйлар алып қана қоймай, тәжік мәдениетінің рухын сезіндік, - деді іс-шара қонақтарының бірі.

Жәрмеңке 16 тамыз күні сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін, ал 17 тамызда 10:00-ден 19:00-ге дейін «Барыс Арена» мұз сарайының алдындағы алаңда (Тұран даңғылы, 57) өтеді.

Бұған дейін Астанада Тәжікстан өнімдерінің жәрмеңкесі өтетінін хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар