Астанада темекіге қарсы шараларға 60 млн. теңге бағытталады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Темекі түтінінен арылған Қазақстан» ұлттық коалициясының директоры Жәмилә Садықованың айтуынша, бағдарламада ақпараттық бағытқа үлкен көңіл бөлінген. Астана университеттерінде, мектептерінде және жекеменшік ұйымдарда темекі зияны туралы қуатты ақпараттық науқан жүргізілмек.
Астанада қолға алынатын жаңашылдықтардың бірі - қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын заңнамалардың орындалуына қатысты арнайы қоғамдық байланыс телефондардың құрылуы. «Әрбір қазақстандық телефон шалып, арыз-шағым қалдыруына болады. Мысалы, жұмыста, үйдің кіреберіс дәліздерінде темекі шегу фактілері кездессе, темекі өнімдері жарнамаланса, тұрғындардың шағымы бойынша олармен қалалық ІІД қызметкерлері айналысады», деп атап көрсетті ол.
«Соңғы 4 жылда еліміздегі темекі шегетін адамдардың саны 22 пайыздан 30 пайызға ұлғайды. Темекі шегу салдарынан Қазақстанда бір күнде 70 адам қайтыс болады екен. Ал әлемде жылына шамамен 25 мың адам өмірден озады», дейді Д. Есімов.