Астанада «Тіл жанашыры - 2011» құрмет белгілерімен марапаттау салтанаты өтті

«Тіл жанашыры» құрмет белгілерімен марапаттау салтанаты «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен осымен үшінші мәрте өткізілді.
ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында дәстүрлі ұйымдастырылатын бұл марапатпен тілімізге шынайы жанашырлық танытып, нақты ісімен қазақ тілінің көркеюіне үлес қосқан азаматтар: мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат өкілдері марапатталып келеді.
Биыл «Тіл жанашыры» құрмет белгілерімен - «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы Ахмет Аляз, «Болашақ» қауымдастығының төрағасы Бауыржан Байбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, республика Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасының судьясы Әділ Құрықбаев, қазақ айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерман, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібай, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры, меценат Исламбек Салжанов, «Нәтиже» сүт фабрикасының директоры, меценат Ерлан Әшімов, «7»-телеарнаның директоры Бибігүл Жексенбай, «Қазнефтегазпром» компаниясының президенті, меценат Жәнібек Елекбаев, «Қазаққстан» ҰТК-ның жүргізушісі Мая Веронская, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдина, «Қазақша «Википедия» қоғамдық қорының басшысы Рауан Кенжеханұлы, сазгер-әнші Марат Омаров пен «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса марапатталды.
Айта кетейік, «Тіл жанашыры» құрмет белгісі алғаш рет 2008 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға, қазақстандық тіл жанашырларына берілді. Олардың қатарында: Түркия профессоры Әбдуақап Қара, Еуропа Қыпшақтар қауымдастығының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Қайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман бар.
Келесі - 2009 жылықұрмет белгісінің «құндылығы» артты. Ол Өскеменнің Теңге сарайында арнайы әзірленді.Зауыттан шыққаннөмірі бірінші «Тіл жанашыры» құрмет белгісі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тапсырылды.