Астанада «Тілеп қобыз сарайы» ашылады

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат  - Елордада бүгін ресми түрде ашылғалы отырған «Тілеп қобыз сарайының» көрермен залы қазақы киіз үй түрінде жасалған, ал залдың іші қазақтың ұлттық нақыштарымен безендірілген.
None
None

Акустикасы жапониялық мамандардың көмегімен іске асырылды. Бұл туралы Астанадағы баспасөз конференциясында жобаның құрылтайшысы мен меценат Сапар Ысқақов мәлімдеді.

1tv.kz сайты хабарлағандай, қалалық мәдениет басқармасы мамандарының айтуынша, жаңа концерттік залдың жобасы елорда үшін үлкен мәдени және әлеуметтік маңызға ие. Зал 340 орынға есептелген, оның биіктігі - 5 қабаттық ғимараттай. Бұл Астананың түрлі мәдени іс-шаралары өтетін бірегей нысан болмақ.

«Тілеп қобыз сарайы» деген атау кездейсоқ таңдалған жоқ. Таңғажайып ғимараттың құрылтайшысы мен тапсырыс берушісі Сапар Ысқақов оны өзінің арғы атасы, атақты сазгер әрі қобызшы болған Тілеп Аспантайұлына (1757-1820) арнайды. Аңызға сай, Қорқыттың қобызының сарынын мирас еткен оның шәкірті, бақсы Қойлыбай болса, ал ол осы өнерді 13 жасар Тілеп Аспантайұлына табыстап, батасын берген екен.

Ғимарат туристер жол тартатын тағы бір орынға айналады деп күтілуде. Онда 125 орынға есептелген 79 қонақүй нөмірі, 170 орынға арналған мейрамхана, 80 орындық кафе-бар, фитнес-орталық, 300 шаршы метрді қамтитын кеңсе-сауда орындары және туризмді, сауда нысандарын, бизнес-орталықтарды ұйымдастыруға арналған түрлі мақсаттағы басқа да жайлар бар.

Соңғы жаңалықтар