Астанада төбелес кезінде адам қаза болған іс бойынша екі адам сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты төбелес кезінде адам өліміне әкеп соққан іс бойынша екі адамға үкім шығарды.
Сот мәліметінше, оқиға 2025 жылғы желтоқсанда Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде болған. Ә. және А. алкогольдік масаң күйде жәбірленушілер Г. және Ч.-мен сөзге келіп қалған.
Жанжал барысында олар екі жәбірленушінің денесінің әртүрлі бөліктеріне бірнеше рет соққы жасаған. Кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Ал Ч. алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Сотта сотталғандардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, бейнежазбалармен және қылмыстық іс бойынша басқа да дәлелдермен расталды.
Сот А.-ның бұрын сотталмағанын және кәмелетке толмаған баласының барын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ә.-ға қатысты оның бұрын сотталмағаны ескерілді. Ал қылмысты алкогольдік масаң күйде жасау екі сотталушыға да қатысты ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
— Сот А.-ны ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша 8 жыл 6 айға, ал Ә.-ны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар сотталғандардан материалдық залал ретінде 1 млн 905 мың теңге, өкілдік ету шығындары үшін 2 млн теңге және моральдық зиян ретінде 10 млн теңге өндірілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Түркістан облысында жаңа туған сәбиін әжетханаға тастап өлтірген әйел сотталғанын жазғанбыз.