Астанада тіркеуде тұрған нашақорлардың саны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қалалық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-психиатры, нарколог Тоқтар Төлеуханұлы елордадағы есірткіге тәуелді жандардың жасарып келе жатқанын айтады.

Шымкентте есірткі бойынша есепте тұрған 7 азамат медициналық тексеруден өтпеген
Фото: Pexels

Оның айтуынша, бүгінде Астанада 823 адам наркологиялық есепте тұр. Есірткіге тәуелді азаматтар саны жылдан-жылға азайып келе жатыр. Бұл қуантады, әрине. Дегенмен, нашақорлардың арасында жасөспірімдер мен жастардың үлесі басым.

— Бұрын 50-60-тан асқан адамдар алкогольге тәуелділіктен, ал 30-дан асқан жігіттер есірткіге тәуелділіктен емделуге келетін. Олар, негізінен, сотталған кісілер болатын. Ал қазір синтетикалық есірткілер көбеюі салдарынан оларға жастар тәуелді болып қалып жатыр, — дейді Тоқтар Төлеуханұлы.

Оның сөзінше, синтетикалық есірткілер табиғи есірткілерге қарағанда әлдеқайда зиянды әрі қауіпті. Өйткені, олардың құрамында табиғатта кездеспейтін химиялық заттар болады. Екіншіден, өндірушілер химиялық формуласын жиі өзгертіп отырады. Сол себепті, оларды анықтау, зерттеу, қай есірткі тобына жататынын белгілеу зор қиындық туғызады.

— Біздің орталықтағы зертханада 1500-дей есірткі түрін анықтай аламыз деп қуанамыз. Бірақ ол өте аз. Себебі, бір ғана қарасораның синтетикалық баламаларының саны — 2500 шамасында. Бұл — есірткінің бір тобына ғана жататын түрлері. Ал одан басқа да қанша топ, оның әрқайсында қанша мың түрі бар, — дейді Тоқтар Төлеуханұлы.

Дәрігердің мәліметінше, өз еркімен келіп, анонимді түрде, көпшіліктен жабық, жасырын ем қабылдаған азаматтар есепке алынбайды. Ал өзгелері тіркеуге алынып, 5 жыл есепте тұрады. Статистика бойынша, науқастардың 30%-ы толықтай сауығып, есептен шығарылады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда есірткіге қарсы республикалық операция басталғанын жазғанбыз.