Астанада тұмауға қарсы егу науқаны 1 қазаннан басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада алдағы 2025-2026 эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында маусымдық тұмауға қарсы иммундау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 145 мың дозасын сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мәлімдеді.

Вакцинация
Коллаж: Kazinform / Pexels / Freepik

Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес, вакцинация тәуекел тобындағы азаматтарға тегін жүргізіледі. Атап айтқанда, екпе мына санаттарға салынады: медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есептегі балаларға, балалар үйлері мен сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйіндегі адамдарға, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар азаматтарға, мектеп оқушыларына, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жабық мекемелердің контингентіне және өзге де санаттарға.

Сонымен қатар ол өз сөзінде, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің №6 қаулысына сәйкес, иммундау науқанын 15 қыркүйекте бастау жоспарланған болатын. Алайда вакцинаны жеткізудің кешігуіне байланысты егу жұмыстары 1 қазаннан басталатын атап өтті. 

Бұған дейін Астанада ЖРВИ жағдайлары өткен маусыммен салыстырғанда 14%-ға артқанын жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар