10:45, 08 Қараша 2013 | GMT +5
Астанада тұрғындардан энергия үнемдегіш сынапты шам жинау шарасы жүріп жатыр
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Биыл Астанада тамыз айынан бері «2013-2016 жылдарға арналған Астана қаласындағы энергия үнемдеудің кешенді жоспарын» орындау аясында халықтан 400 мыңнан астам люминесцентті энергия үнемдегіш сынапты шам (ЭСШ) жиналды.

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Өмірді қамту және инфрақұрылымды дамыту басқармасынан хабарлады.
Аталған жоба аясында Есіл ауданының 50, Сарыарқа және Алматы аудандарының 25 контейнерлік алаңында ЭСШ жинайтын арнайы контейнерлер орнатылды.
«ЭСШ арналған контейнерлерді орналастыру орындары аудандардың әкімдіктерімен және Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментімен келісілді. Жыл соңына дейін осы сияқты қосымша 70 сыйымдылық орнату көзделген», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, халықты ЭСШ қауіпсіз қолдану және жинау туралы ақпараттандыру мақсатында БҰҰ Даму бағдарламасымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп үздіксіз үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.