Астанада тұрғындардың сұрақтары мен шағымдарына арналған 30 жәшік орнатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада аудан әкімдерінің халық алдында есеп беру науқандарына дайындық жұмыстары басталып кетті. Қалада тұрғындардың шағымдары мен сұрақтарын, сонымен қатар ұсыныстарын жинауға арналған арнайы 30 жәшік орнатылды.
None
None

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазады.

Алматы ауданында аталмыш жәшіктер «Евразия», «Аймақ-Тау», «Есіл», «Қазақстан», «Гүлжан», «Орбита» және «Астықжан» сауда үйлерінде, сондай-ақ «Интернациональный», «Промышленный» мен «Железнодорожный» тұрғын алабтарында орналастырылды.

Сарыарқа ауданында арнайы 10 жәшік орнатылған. Олар «Колос», «Диона», «Азат», «Көктал-2» сауда орталықтарында, «Жандар», «Мечта», «Рахат», «Шик» дүкендерінде, «5 минут» супермаркетінде және «Тамыз» тұрғын алабына қойылған.

Халықтың шағымдары мен сауалдарына арналған осы сияқты тағы 10 жәшік Есіл ауданында - «Мега», «Керуен», «Сарыарқа» және «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталықтарында, №69 және №24 орта мектептерінде, сонымен бірге Есіл ауданы әкімдігі аппаратының ғимаратында, Халыққа қызмет көрсету орталығында және аудандық Салық басқармасында орналасқан.

Қалалық аудан әкімдерінің халық алдында есеп беру науқандары бірнеше күнге жалғасады, тұрғындардың барлық шағымдары мен сауалдары тиісті құзіретті органдарға жолданады, ал жауаптарды есеп беру кезінде алуға болады.

Тағы да бір айта кетер жайт, қала тұрғындары көкейдегі сұрақтарын есеп беру кезінде де қоя алады.

Бұрын хабарланғандай, Астана қаласы аудандары әкімдерінің халық алдында есеп беруі ақпанның 2-9 аралығында, ал Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың халық алдында есеп беруі 18 ақпанда сағат 10.00-де Конгресс-холлда өтеді.

Соңғы жаңалықтар