Астанада Түркиядағы 15 шілде оқиғасына арналған көрме мен еске алу рәсімі ұйымдастырылды
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада орналасқан Қазақстандағы Түркия Республикасының Елшілігінде 15 шілде – Демократия және ұлттық бірлік күніне орай ауқымды еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Елшіліктің баспасөз қызметі.
Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстанның мемлекеттік органдарының, дипломатиялық миссиялардың және құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Жиналған қауым 10 жыл бұрынғы сол бір қасіретті түні мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырушыларына қарсы күресте қаза болған шейіттерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бағдарлама барысында Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуранның жолдаған бейнеүндеуі көрсетілді.
Сонымен қатар 2016 жылғы шілденің 15-інен 16-сына қараған түні сатқындық жасаған әскери қызметшілер мінген танкілер мен бронетехникалардың астына өздерін аяусыз атып, жалаң кеудесімен төңкерісшілерді тоқтатуға тырысқан түрік халқының жанқиярлық ерлігі туралы деректі видео көрсетілді.
Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу әскери мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырды деп танылған ФЕТО террористік ұйымына қарсы күрестің халықаралық сипатына және бұл бағыттағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
-Мәселен, бүгінде көптеген мемлекет пен халықаралық ұйымдардың аталған құрылымды террористік ұйым ретінде танығанын атап өтіп: «Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Азия парламенттік ассамблеясының ФЕТО-ны террористік ұйым деп тануы айрықша маңызды. Көптеген дос әрі бауырлас мемлекеттердің бұл құрылымға қарсы қабылдап жатқан батыл шараларын жоғары бағалаймыз. Мұндай қадамдар ФЕТО-мен жаһандық деңгейдегі күресімізге аса құнды қолдау көрсетеді, - деді.
Бұдан бөлек, еске алу рәсімінде Түркия егемендігін қорғап қалу жолында қаза тапқан шейіттердің рухына Құран сүрелері оқылып, дұға бағышталды.
Іс-шара соңында қатысушылар «15 шілде» көрмесіне қойылған фотосуреттермен танысты.
Еске салайық, 2016 жылғы шілденің 15-інен 16-сына қараған түні Түркияда террористік ұйым ретінде танылған ФЕТО ұйымының құрамына астыртын енген жекелеген әскери қызметшілер билікті күшпен басып алу әрекетін жасады. Ресми мәліметтерге сай, мемлекеттік төңкеріс әрекетіне 8 мыңнан астам әскери қызметші қатысты. Бүлікшілер 35 ұшақ, 37 тікұшақ, 74 танк, 246 бронды көлік, 4 мыңға жуық атыс қаруын және тіпті, 3 кемені пайдаланған. Алайда түрік халқының берік ерік-жігерінің арқасында төңкеріс жоспары жүзеге аспады.
Ел Президенті Режеп Тайип Ердоғанның үндеуінен кейін санаулы минуттардың ішінде жұрт алаңдар, әуежайлар, көпірлер мен көшелерге ағылды.
Екі күнге жалғасқан текетірес салдарынан 253 адам қаза тапты. 2 мыңнан астам адам жараланды.
Кейін, 15 шілде - Демократия және ұлттық бірлік күні ретінде бекітілді. Бұл күні жыл сайын Түркияның бүтін аумағында және шет елдердегі дипломатиялық миссия өкілдіктерінде еске алу шаралары өтеді.
Биыл сол бір қайғылы түннен бері 10 жыл өтті. Кеше Түркияның Анкара мен Ыстанбұл қалаларында кең ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Анкарадағы Ұлттық саябақта Президент Режеп Ердоғанның қатысуымен өткен еске алу рәсіміне 20 мыңға жуық адам қатысты.
-15 шілде – мемлекеттік төңкеріс әрекетінің жолы кесілген түн ғана емес. Бұл – халқымыздың өз еркін, демократиясы мен тәуелсіздігін жанын пида ете отырып қорғаған, тарихқа алтын әріппен жазылған демократияның ұлы жеңісі, – деді Түркия басшысы мінберден сөйлеген сөзінде.
Осыған дейін Түркияда Демократия және ұлттық бірлік күні өткені туралы жаздық.