Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада Үкіметтің әлемдік қаржы дағдарысына қарсы қабылдаған бағдарламасының бір жылдан кейінгі нәтижелері талқыланды

АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде «ҚР Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасы: бір жылдан кейін» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,

Астанада Үкіметтің әлемдік қаржы дағдарысына қарсы қабылдаған бағдарламасының бір жылдан кейінгі нәтижелері талқыланды

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы-«Global Monitor» қорының директоры Расул Жұмалының айтуынша, шараның мақсаты - әлемдік экономикалық дағдарыс пен Қазақстан Үкіметінің оған қарсы қабылдаған бағдарламасының бір жылдан кейінгі жағдайы мен нәтижелерін еркін пікір-талас алаңында ортаға салу. Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, қаржылық-банкілік сектордың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ саясаттанушылар, экономистер, қаржыгерлер мен кәсіпкерлер қатысты.  

«Қазақстан АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың салдарынан 2007 жылғы тамыз-қыркүйек айларында басталған жаһандық қаржы дағдарысының бірінші толқынын алғашқылардың бірі болып сезінді. Әлемдік дағдарыс толыққанды экономикалық күйреуге ұласқан 2008 жылдың күзінде қалған елдерді қапыда басты. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы өзін белгілі бір тұстарда ақтағанымен, оның кемшіліктері де жоқ емес. Бағдарлама шеңберінде экономиканы сауықтыруға бағытталған қаражаттың көмегімен қаржы институттарындағы жағдай тұрақты болды», - деді ол.

Р.Жұманұлының пікірінше, бұл үрдіске мемлекеттің аталмыш банктерге акционер ретінде кіруі де үлкен септігін тигізген. Дағдарысқа қарсы қолданылған шаралардың дені қаржы-банктік, құрылыс және ірі бизнес секторын қолдауға бағытталып, шағын және орта бизнес бұл басымдықтарға ие болмай қалған. Ал 2008 жылғы қараша айында бұл секторды қолдауға бөлінген 120 миллиард теңге араға делдалдардың түсуі себепті нысаналы жеріне келесі жылдың көктемінде ғана жетті. Сондай-ақ мемлекеттің көрсеткен қолдауына қарамастан, елдің құрылыс секторы әлі де болса көмекке зәру.

Қор директоры аталмыш тақырыпқа арналған дөңгелек үстелдер бір мезгілде Ақтау, Алматы, Тараз, Ақтөбе және Өскеменде өтіп жатқанын және олардың отырыстары бойынша дайындалатын қорытынды жиынтық баяндама ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Үкіметке жолданатынын атап өтті.