Астанада Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған қызды тапты

Қызды іздестіруге Ұлттық ұланның жасақ бастығы капитан Василий Гунько, патрульшілер - қатардағы Александр Новиков пен Райымбек Елеуғалиев көмектескен.
Оқиға кешкі сағат алтылар шамасы болатын. Қызметке енді кіріскен жасақ Нұрлы жол көшесі бойымен тәртіп қадағалап келе жатты. Кенеттен олардың алдынан мазасы қашқан әйел адам шыға келіп, кішкентай қызының жоғалғанын айтып, көмек сұрайды. Анасының айтуынша, төрт жасар Дамирадан көз жазып қалғанына екі сағаттай өтіпті.
Әскерилер бұл туралы дереу көрші бағыттағы жасақтарға хабарлап, жоғалған қызды іздеуге кіріседі. Жасақ бастығы капитан Гунько бастаған топ кішкентай қыздың сипаттамасы бойынша шұғыл қимылдап, нәтижесінде оны бейтаныс азаматтың қасынан табады. Әскерилер аталған азаматты тоқтатып, бұл туралы шұғыл патрульдік топ бастығы майор А. Мұратовқа баяндап, жедел-тергеу тобын шақыртады. Бұдан кейін ұсталған азамат, анасы мен қызы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Астана қаласы Есіл ауданының ішкі істер басқармасына жеткізілді.