Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлері толықтай баспанамен қамтамасыз етілген

Бұл туралы бүгін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астанада ардагерлер ұйымының 25 жылдық мерейтойына орай жолдаған құттықтау хатында мәлім етті.
Қала басшысының хатын қалалық ардагерлер қауымының алдында оның орынбасары Василий Крылов оқып берді.
«Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлері толықтай баспанамен қамтамасыз етілген. 2009-2011 жылдар аралығында соғыс ардагерлеріне 199 пәтер берілді. Бүгінгі күні бірде-бір ардагер пәтер алу кезегінде тұрған жоқ», - делінген әкімнің жолдаухатында.
И. Тасмағамбетов атап өткеніндей, қазіргі уақытта Астанада 50 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Соның ішінде Ұлы Отан соғысының 370 ардагері, 4600 тыл еңбеккері бар.
«Ардагерлерге құрмет көрсету мемлекет саясатының және қалалық биліктің басымдықты міндеттерінің бірі. 2011 жылы оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен 180 млн. теңге бөлінді», - дейді әкім.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері үшін санаториялық және курорттық ем-дом алуларына жыл сайын тегін жолдамалар беріледі, сонымен қатар қоғамдық көліктерде тегін жүру билеттерімен және тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.