Астанада велотакси жобасы ұлттық нақышта жасалмақ - ВИДЕО/ФОТО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әңгімені жаңалықтан бастайық, Астанада велотакси ашылды. Иә, күні кеше Қайырбек Жұсамбаев пен Әмірхан Әшенов - қос жас кәсіпкердің тың жобасының тұсауы кесілді. Жігіттер бұл идеяны қайдан алды дейсіз ғой?! Олар бұдан 4 жыл бұрын SummerWork&Travel жастар бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарында велотакси жүргізушісі болып жұмыс істеген екен. Ерекше кәсіптің тиімділігін түсінген инженер мамандар шетелден негізгі бөлшектерді жеткізіп, велотаксиді өз қолымен құрастырып шыққан.
Қазіргі таңда велотаксилердің саны - 10. Кәсіпкерлер болашақта оны 100-ге жеткізгелі жатқандығын жасырмады. Велотаксишілердің қызмет көрсететін жерінің аумағы да көлемді емес - «Бәйтерек» монументі, «Ханшатыр», «Мега» СОО маңы және орталық парк аймағы. Әзірше ешкім оны көлік қатарында көріп жүрген жоқ, керісінше таңсық дүниеге таңданысын жасыра алмай, бір мініп, серуендеп қайту үшін ғана жалға алады. Бағасы да барар жеріңнің алыс-жақындығына байланысты - 1000-2000 теңгенің ар жақ-бер жағы.
Болашақта, кәсіпкерлердің айтуынша, бұндай велотаксилер еліміздің Алматы, Қарағанды секілді ірі қалаларында да қатынай бастайды.
Ал, компания менеджері Әмірхан Әшеновтің айтуынша, олар алдағы уақытта велотаксиге электрлік қозғалтқыш қойып, жұмысын жеңілдетпек. Жұмысы жеңілдегеннен кейін, бағасы да төмендейді. Ол ол ма, алдағы уақытта жігіттер велотаксиді ұлттық нақышта жасамақшы екен. «Темір атқа» киіз үйдің шаңырағын орнатып, жан-жағын қазақтың ою-өрнегімен безендірмек. Міне, жаңалық! Ол да болса ұлттық мәдениетімізді туристерге таныту үшін қосып жатқан үлкен үлес.
Бір айта кетерлігі, бұл Қазақстанда пайда болған алғашқы велотаксилер.
Таксидің бұл ерекше түрінің шығу тарихына тоқтала кетсек, ең алғашқы велорикшалар (велотакси) XIX ғасырдың соңына қарай Жапонияда пайда болған екен. Содан шығыс және оңтүстік-шығыс Азия елдеріне танылып, Филиппиннен Пәкістан жеріне дейін тараған. XX ғасырдың басында көліктің бұл түрі Еуропа және Америка қалаларына жеткен. Бірақ, негізгі міндеті - туристерді серуендету, қала қонақтарының көңілін көтеру болған. Қазір де Нью-Йоркте велотакси негізінен орталық парк аумағында қатынайды. Вашингтонда - Нэшнл Молл, Лондонда - Сохо және Ковент-Гарден аудандары аумағынан көп аспайтын көрінеді.
Мәскеуде велотакси 2006 жылы пайда болыпты. Онда да Пушкин алаңы маңынан алыс бармайды.
Сондай-ақ, оның жүргізушісі мінетін ершігі алдында орналасқан және керісінше велосипедші арт жағында отыратын екі түрі кездеседі. «Астана Bike» веложалдау желісі жұмыс жасап тұр
Жасыратыны жоқ, бұған дейін «балалардың ермегі мен поштабайдың тұлпары» саналып келген велосипед бүгінде басқаша бағаланып, қоғам қолай көрмейтін көлікке айналып келе жатыр. Ал, дамыған елдерде мектеп оқушыларының, студенттердің, тіпті қала тұрғындарының көбі «темір атты» қатынас құралы ретінде мойындап үлгерген. Оған Еуропа халқының 30 пайызы велосипедпен қатынайтыны дәлел бола алады. Екінші жағынан, көліктің бұл түрін таңдау адамдар арасында жүрек талмасы ауруының азаюына сеп болады. Бұл велосипедтің тиімді ғана емес, пайдалы көлік екендігін білдіреді.
Қазақстанда да халық арасында веломәдениеттің кеңінен тарап, қалыптасуына жағдай жасалып жатыр. Бұл биылғы шілде айының басында Астанамызда қызметін бастаған «Астана Bike» вело-sharing жүйесінің ашылуынан анық байқалады. Бас қаладан бастау алған бұл жоба түбінде еліміздің түкпір-түкпіріне тарайтыны анық.
Қазіргі таңда веложалдау желісін қалыптастыру жұмыстарының бірінші кезеңі іске асырылып жатыр. Яғни, 40 велотұрақ (200 велосипед) жұмыс істеп тұр. Станциялар сол жағалаудың орталық алаңында орналасқан.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов игі бастаманың тұсаукесер жиынында алдағы уақытта веложол салу, велосипедпен жүру мәдениетін қалыптастыру сынды жұмыстар қолға алынып, уақыт өте келе «1000 велосипедке 100 велотұрақ саламыз» деген болатын.
Осылайша қала логистикасының өткізген алдын ала сараптамасы мен өзге де есептеулері бойынша станцияларды салудың ең оңтайлы кестесі дайындалды. Олардың орналасу ара қашықтығы 300-500 метрден аспайтын болды. «Астана Bike» заманауи жүйесі қала сұранысына қарай станциялардағы тұрақ орындары мен мобильді станциялардың орналасуына өзгерістер енгізуіне мүмкіндік береді. Әр станция күн энергиясынан қуат алады. Сыртқы коммуникацияны талап етпейді.
Әзiрге велосипедтi жалға алуға болатын 40 велотұрақ қаланың сол жағалауына ғана орнатылып отыр. Қолданысқа 200 велокөлiк берiлген. Келесi кезеңде, жоғарыда айтқанымыздай, тағы 100 тұрақ ашылады және қосымша 1000 велосипед пайдалануға берiлмек. Бұл өз кезегiнде оң жағалауды да қамтуға мүмкiндiк бередi.
Тарифтерге келетiн болсақ, алғашқы 30 минутты тегiн тебуге болады. 1 сағаты - 100 теңге, 2 сағаты - 250 теңге, 3 сағаты - 500 теңге, 4 және одан кейiнгi әрбiр сағат - 1000 теңгеден түседi.
Бұл тұста жобаны ұйымдастырушы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болып табылатынын айта кету керек. Өз кезегінде жобаға Астана әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру агенттігі де қолдау білдіріп келеді.
Бүгінгі таңда Астанада 1 миллионға жуық адам тұрады екен. Ал, тұрғындардың орташа жасы 30 жас екенін ескерсек, велосипед тебуге құмар жандар аз болмайды деп болжауға болады.
2015 жылы бұл жоба толықтай сол жағалау мен оң жағалаудың бiрқатар бөлiгiн қамтиды деп жоспарлануда. Ал, 2016-2017 жылдары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесiнiң аумағында енгiзiледi деп күтiлуде.
«Алып» кете алмайсыз
Айтпақшы, егер жалға алған велосипед 24 сағаттың iшiнде қайтарылмаса, ол ұрланды деп есептеледi және велосипедтiң рөлi таймердiң көмегiмен автоматты түрде бұғауланады. Сонымен қатар, онда арнайы GPS қондырғы орнатылған, сондықтан оның қайда тұрғанын анықтау қиынға соқпайды. Сондықтан велосипедті ұрлап кету мүмкін емес.
Ал, велосипедтi жоғалтып немесе сындырып алсаңыз, 100 мың теңге төлеуіңізге тура келмек.
Велосипедтер Францияда жасалған және оның бөлшектерi вандалдарға қарсы құрастырылған. Сондықтан бөлшектері әдеттегі велосипедтерге келе бермейді. Жалға алғаннан соң оны кеңсеңiздiң жанына уақытша қалдырып кету қажеттілігі туындаса, рөлдегі арнайы сымқұлыпты пайдалануға болады.
50 шақырымды құрайтын веложол салынады
Велосипедті көпшіліктің көлігіне айналдыру үшін веложол мәселесін шешпей болмайды. Бүгінгі таңда елордамызда небары 4 шақырым көлемінде веложол бар екен. Оның шамамен 3,6 шақырымы Орталық паркте екенін ескерсек, қала ішіндегі веложолдың ұзындығы көңіл көншітпейтіні анық.
Мәселен, веложолдардың ұзындығы Германияда - 1400 км, Қытайда - 450 км, Мәскеуде - 74 км болады екен. Бұл дамыған елдерде веложолға әлеуметтік маңыз бергендігін, біздің де елімізде осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуы қажеттігін көрсетеді.
Былтыр елордалық велосүйермендерге қазіргі ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасы Тастанбек Есентаев (ол кезде төраға орынбасары қызметінде еді) жақсы бір жаңалық жеткізген болатын.
Оның айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында 50 шақырымдық веложол пайдалануға беріледі. Веложолдар қаланың негізгі жолдары бойынша да, көрмеге апаратын жолдарда да, сонымен қатар көрме территориясында да салынады.
«Болашақ энергиясы» тақырыбымен елімізде тұңғыш рет өтетін халықаралық көрме қарсаңында «табиғи энергиямен» қозғалатын көлік құралын қоғамға кеңінен таратып, жолдарын жөндеп, веложалдау желілері стансалары мен велосипедтері санын арттыра алсақ, көрме ұранымен тамаша үйлесім тапқандай еді. Лайым, солай болғай?!
Ербол ЖАНАТ