Астанада VI Халықаралық KAZENERGY Жастар форумы «Energize your future» өтеді

KAZENERGY Білім беру бағдарламасы мен Жастар Комитеті ұйымдастыратын Халықаралық KAZENERGY жастар форумы жыл сайынғы Еуразиялық KAZENERGY форумы шеңберінде өткізіледі.
Енді ол жас көшбасшылар мен энергетика секторы, бизнес пен мемлекеттік билік өкілдері қатысатын ірі халықаралық іс-шараға айналды.
Қазақстан мұнай-газ индустриясының жаңа дәуірі ең ірі кеніштердің бірі - Қашағанды игерумен байланыстырылып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Солтүстік Каспий жобасы тиімді халықаралық әріптестіктің жарқын мысалы» деп ерекше атап көрсетті. Қашаған әлемнің ең ірі компанияларын ортақ мақсатқа үйлесімді біріктірді. Олар біздің елге жылдар бойы жинақталған мол тәжірибесі мен білімін ала келді.
Мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының KAZENERGY қауымдастығы, жылдар бойы жүйелі, әрі қарқынды жұмыс жүргізіп, техникалық мамандықтар бойынша кадр дайындап жатқан елдегі бірегей бірлестік.
Халықаралық форумға 200-ден астам адам қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында мұнай-газ бен энергетика компанияларының өкілдері, ғалымдар, саясаткерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен KAZENERGY шәкіртақысының иегерлері, жас мамандар, энергетикалық мамандықтарды меңгеріп жатқан ЖОО мен кәсіби колледждердің студенттері бар.
Форумда талқыланатын негізгі тақырыптар: «Ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың алғышарттары мен оларды кадрлармен қамсыздандыру - мүмкіндіктер мен шешу жолдары», «Кәсіби қызмет жолын басқару: жас мамандарға жасалатын мүмкіндіктер».
Форумда KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов, Әлемдік Мұнай Кеңесінің бас вице-президенті доктор Йозеф Тот, АСТАНА EXPO 2017 «Болашақтың энергиясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сөз сөйлейді.
VI Халықаралық KAZENERGY Жастар форумының мақсаты - ірі мұнай-газ жобаларындағы маман даярлаудың өзекті түйткілдерін талқылау; энергетикалық секторда қызмет бабы бойынша өрлеуге ұмтылған жас мамандардың бастамаларына қолдау көрсету; мұнай-газ және энергетика салаларында жас мамандарды даярлау ісінің тиімділігін арттырып, мүмкіндіктер ашу; отандық және шетелдік компаниялардағы жас мамандардың мәртебесін жоғарылату мен санын арттыруға бағытталып табысты жүзеге асқан бастамаларды қарастыру болмақ.
Күн тәртібі бойынша Жастар Форумы тарихында алғаш рет ҚР Мұнай және газ министрі Ұ.С. Қарабалиннің «Жастармен диалог құру - кәсібиліктің көрсеткіші» тақырыбында шеберлік сабақтары өткізіледі. Энергетика, IT, экономика мамандықтарының өкілдері қатыса алатын «Зерек» зияткерлік ойыны өткізіледі. «KAZENERGY білім беру бағдарламасы» бойынша іріктеудің барлық кезеңдерінен өтіп, жеңімпаз атанған ЖОО студенттері, магистранттар мен техникалық ЖОО оқытушылары қатысатын «Шәкіртақы иегерлерінің слеті» болады. Сонымен қатар, EXPO 2017 пікірсайысы өтеді. KAZENERGY Халықаралық Жастар Форумы аясында өтетін сайыстың тақырыбы: «Болашақтың қуаты: Үндеу мен жаңа мүмкіндіктер». Оған үш адамнан жасақталған 2 команда қатыса алады. Команда құрамына студенттер мен магистранттарды, кез келген салада еңбек ететін жас мамандарды жұмылдыруға болады.