Астанада XI Ұлттық жастар Дельфий ойындары өтеді

Бұл туралы Ұлттық Дельфий ойындарының баспасөз қызметі хабарлады.
XI Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 2015 жылдың 21 қазан күні сағат 15:00-те Бейбітшілік пен келісім сарайында өткізіледі.
Биылғы Дельфий ойындары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналмақшы. Іс-шараның ұйымдастырушылары - Ұлттық Дельфий комитетінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен "BAQ ORDA" Media Group.
Дельфий ойындары - заман талаптары қажет ететін өнер саласындағы жас мамандардың жыл сайынғы жарысы. Ол өнер түрлерінің барлығын - бейнелеу өнерін, орындаушылық, қолданбалы өнер, сөз өнерін қамтиды.
Биыл өнер жарысында еліміздің 14 облысының түкпір-түкпірінен және Астана, Алматы қалаларынан бес жүзден астам дарынды қатысушылар жиналды.
Ашылу рәсімінің қонақтары - «Ұлытау» тобы, «Славянский базар-2015» халықаралық конкурсының жеңімпазы Димаш Құдайбергенов, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Елшібаева және Халықаралық Дельфий Ойындарының жеңімпаздары қатысады. Сонымен қатар Халықаралық Дельфий Комитетінің төрағасы Артемий Панянин іс-шараның арнайы қонағы болады.
Қатысушылардың жұмыстарын Қазақстанның халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері» Айман Мұсақожаева басқарған кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы бағалайды.
- XI Ұлттық жастар Дельфий ойындары «Тарих толқынында!» ұранымен өткізіледі және мемлекетіміздің мәдени өмірінде өте маңызды орынды алады. Жыл сайын Дельфий ойындары жас таланттарды ашуға және қолдауға мүмкіндік береді. Қатысушылар құрамы барлық халықаралық стандарттарға сай, әр аталым бойынша қойылатын талаптар күрделі. Осы Ойындардың жеңімпаздары 2016 жылғы халықаралық жарысқа қатысады, - дейді "BAQ ORDA" Media Group директоры Мәди Манатбек. - Биылғы жылы қатысушылар ұлттық жанрлар, классикалық және заманауи өнер түрлеріне сәйкес 20 аталым бойынша сыналады. Осы жылы екі жаңа аталым қосылды - "битбокс" пен "веб-дизайн".