Астанада ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы алғашқы жоғары білім диалогы ашылды
АСТАНА.KAZINFORM - Бүгін Астана қаласында жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану мәселесіне арналған ЮНЕСКО-ның Орталық Азия елдері үшін алғаш рет ұйымдастырып отырған аймақтық саяси диалогы өз жұмысын бастады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Орталық Азия елдерінің білім және ғылым министрліктерінің, жоғары оқу орындарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен біліктілікті тану саласының сарапшылары қатысты.
«Аймақтық интеграция үшін біліктілікті тану жөніндегі ЮНЕСКО конвенцияларын пайдалану» атты саяси диалогын ЮНЕСКО мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Іс-шара өңірлік ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азияның жоғары білім кеңістігін дамыту мақсатында өткізіліп жатыр. Министрліктің бастамасымен Қазақстан алғаш рет диалогты қабылдаушы мемлекет ретінде таңдалды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Қазақстанды білім мен ғылымның өңірлік орталығына айналдыру жөнінде стратегиялық шешім қабылданғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама тек географиялық орналасу тұрғысындағы орталық құруды емес, академиялық стандарттар қалыптасатын, таланттар дамытылатын және берілетін біліктіліктер ұлттық шекарадан тыс жерлерде де мойындалатын білім кеңістігін қалыптастыруды көздейді.
Қазақстан 2026 жылғы ақпанда Токио конвенциясын ратификациялап, Орталық Азияда бұл конвенцияға қосылған алғашқы мемлекет атанды. Саяси диалог өңір елдерінің ЮНЕСКО-ның жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану жөніндегі конвенцияларына деген қызығушылығы артып отырған кезеңде өтіп отыр.
– Төрт ай бұрын Қазақстан Токио конвенциясын ратификациялау арқылы біліктіліктерді танудың халықаралық қағидаттарына негізделген жүйеге толыққанды қатысуға дайын екенін көрсетті. Біздің мақсатымыз – білім беру жүйелері арасындағы өзара сенімді нығайтып, біліктіліктердің халықаралық деңгейде еркін танылуына жағдай жасау, - деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы еліміздегі халықаралық серіктестік, ғылыми әлеует, жасанды интеллект инфрақұрылымы және бағалау жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалар сияқты бастамалардың барлығы біліктіліктердің мойындалуы, оларға деген сенімнің артуы және олардың халықаралық деңгейде кеңінен қолданылуы сияқты негізгі алғышарттармен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– ЮНЕСКО-ның Токио және Жаһандық конвенциялары өңірлік интеграцияны тереңдетуге және жоғары білім беру жүйелері арасындағы өзара сенімді нығайтуға берік институционалдық негіз қалыптастырады. Ендігі міндет – осы қағидаттарды нақты іске асырып, тиімді тетіктерге айналдыру, - деді С.Нұрбек.
Соңғы жылдары Орталық Азия елдері жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып жатыр: өңірде шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, бірлескен білім беру бағдарламалары кеңейіп, халықаралық студенттер саны артып келеді. Осы тұрғыда ЮНЕСКО-ның Жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану жөніндегі Жаһандық конвенциясы мен Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясы (Токио конвенциясы) білім беру жүйелерінің ашықтығы мен өзара үйлесімділігін арттыруға ықпал ететін стратегиялық маңызға ие.
17-18 маусым күндері қатысушылар конвенцияларды ұлттық және институционалдық деңгейде іске асыруға қатысты негізгі мәселелерді талқылайды: біліктілікті тану жөніндегі ұлттық ақпараттық орталықтардың (ҰАО) модельдері, Орталық Азия жоғары білім кеңістігінде (CAHEA) сапа мәдениетін қалыптастыру, трансұлттық және дәстүрлі емес білім беру нәтижелерін, соның ішінде цифрлық микро-біліктіліктерді тану стратегиялары, сондай-ақ академиялық мобильділікті кеңейтуге арналған практикалық құралдар.
Екінші күннің негізгі бағыты 2030 жылға дейінгі Орталық Азия жоғары білім кеңістігін дамытуға арналған өңірлік «жол картасын» әзірлеу болмақ.
Іс-шара сондай-ақ Орталық Азия жоғары білім кеңістігі туралы Түркістан декларациясында бекітілген міндеттемелерді іске асыру мәселелерін талқылауға арналған алаң ретінде қызмет етеді. Жұмыс топтарында қатысушылар ЮНЕСКО конвенциялары ұсынған құралдарды пайдалана отырып, сапаны қамтамасыз ету, біліктілікті тану, академиялық мобильділік және икемді оқу траекторияларын енгізу салаларында өңірлік ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар әзірлейді.
– ЮНЕСКО Орталық Азия елдеріне біліктіліктерді тану жөніндегі конвенцияларды іске асыруда саяси диалог, біліктілікті тану мамандарының әлеуетін арттыру және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Ұлттық ақпараттық орталықтар желісін (APNNIC) дамыту арқылы қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Астанада өтіп жатқан диалог – Орталық Азияда неғұрлым интеграцияланған және ашық білім беру кеңістігін қалыптастыруға маңызды қадам және Тұрақты дамудың 4-мақсатына – инклюзивті және сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және баршаға өмір бойы білім алу мүмкіндігін ілгерілетуге үлес қосады, - деді ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич.
Астанада өткен Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумның қорытындылары ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен халықаралық конференцияда таныстырылғанын жазған едік.