Астанада жаңа оқу жылында 9 жаңа білім беру нысаны ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жаңа 2026-2027 оқу жылында оқушыларға қолайлы жағдай жасау жұмысы жалғасып жатыр. Биыл №13, №41, №72, №73, №79, №82 және №86 мектептер жанынан жеті қосымша оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада жаңа оқу жылында 9 жаңа білім беру нысаны ашылды
Фото: Астана әкімдігі

Сонымен қатар екі жаңа мектеп ашылды. Жаңа ғимараттар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттері, асханалар, спорт залдары және балаларға арналған коворкинг аймақтары қарастырылған.

Астанада жаңа оқу жылында 9 жаңа білім беру нысаны ашылды
Фото: Астана әкімдігі

Әр ғимараттың сыйымдылығына қарай екі ауысымда 1000-нан 1200-ге дейін бала білім ала алады. Қосымша оқу ғимараттарының ашылуы негізгі мектеп корпустарына түсетін жүктемені азайтып, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Астанада жаңа оқу жылында 9 жаңа білім беру нысаны ашылды
Фото: Астана әкімдігі

Жалпы жаңа оқу жылында Астанадағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Биыл шамамен 33 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

оқушы, мектеп
Фото: Астана әкімдігі

Мектеп инфрақұрылымын кеңейту – елордадағы басым бағыттардың бірі. Соңғы жылдары қалада жалпы сыйымдылығы 100 мыңнан астам оқушы орны бар 44 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 23-і «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.

оқушы, мектеп
Фото: Астана әкімдігі

Жаңа нысандар салумен қатар, оқу жылына дайындық аясында 38 білім беру ұйымында жөндеу жүргізілді. Барлық білім беру нысаны алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысын аяқтап, дайындық паспорттарын алды.

оқушы, мектеп
Фото: Астана әкімдігі

Жаңа оқу ғимараттарының ашылуы білім беру үдерісін ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік беріп, балалар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи оқу ортасын қалыптастыруға жағдай жасайды.

оқушы, мектеп, алғашқы қоңырау
Фото: Астана әкімдігі

Осыдан бұрын Атырау облысында 12 мың орындық 7 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін жазғанбыз.