Астанада жаңа туған баланы заңсыз бергені үшін анасы ата-ана құқығынан айырылды

АСТАНА.KAZINFORM - Астана қаласының прокуратурасы жаңа туған баланы заңсыз беру фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдауды қамтамасыз етті.

бизнес
Фото: pixabay

Анықталғандай, елорданың 19 жастағы тұрғыны делдалдар арқылы жүктіліктің сегізінші айында жасалған жалған суррогат ана болу шарты негізінде өзінің жаңа туған баласын ерлі-зайыпты жұпқа ақшалай сыйақы үшін берген.

Соттың 2025 жылғы 23 мамырдағы үкімімен қыз және делдалдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы («Кәмелетке толмағандар саудасы») бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушыларға пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

- Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ол кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған мекемеге орналастырылды. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нің талап-арызы бойынша анасы ата-ана құқықтарынан айырылды, - делінген хабарламада.

Астана қаласының прокуратурасы балаларға қатысты заңсыз мәмілелер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын және құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін еске салады.

Осыған дейін Ақмола облысында суррогат ана сәтсіз жүктілік үшін ақшаны қайтаратын болды.