Астанада «Жас қанат» байқауы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында «Жас қанат» жиырма төртінші республикалық жас орындаушылар байқауының ашылу салтанаты өтеді. Сахна төрінде еліміздің 10 қаласынан 15 жас әнші сынға түседі, деп хабарлады astana.gov.kz.
None
None

Қатысушылар өздерінің өнерін 3 сайыстық кезеңде көрсететін болады. Жас әншілер қатаң әділ қазылардың алдында 3 күн бойы өнерін көрсетеді. Ақтық сынға тек 3 үміткер жетеді. Сәйкесінше, олар «алтын», «күміс», «қола» қанаттардың иесі атанады.

Байқау ұйымдастырушылары: Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы және «Азия дауысы» дирекциясы, «Хабар» агенттігі. Байқау қарсаңында «жасқанаттықтар» Қазақ ұлттық өнер университетін тамашалап қайтты. Экскурсияны дарынды композитор Серік Еркімбеков өткізді. Ол университет тарихын, студенттердің жетістіктерін айта келе, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, қатысушылар Тәуелсіздік сарайында да болды. Астана қаласының макетін көргеннен кейін «4D» форматында Бәйтерек жайлы қысқаметражды фильмді көріп, тамсанды. 27 мамырда көптен күткен жеребе тарту рәсімі өтті. Петропавл қаласының тумасы Мирас Баянов сахна шымылдығын ашатын болса, «сәтті» жетінші номерде көкшетаулық Ринат Теміржан өнер көрсетеді. Ал он үшінші номер астаналық Сұлтан Ахметке бұйырды. Кештің нүктесін қою Мерхат Қанапияновқа бұйырды. Жеребе тарту рәсімінен кейін дәстүрлі түрде Бейбітшілік және Келісім сарайының саябағында «Жас қанат-2015» аллеясы отырғызылды. Әр қатысушы өз арманын жазып, жердің астына сақтап қойды. Айта кетейік, «Жас қанат» республикалық байқауының ақтық сыны 31 мамырда өтеді.

Соңғы жаңалықтар