Астанада жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жаңа цифрлық кеңсе ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін жаңа буындағы цифрлық кеңсе – Smart Point ашылды, деп хабарлайды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Жаңа форматтағы кеңсе Apple Store қағидатына негізделген. Мұнда азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуына басымдық берілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері келушілерге цифрлық сервистерді пайдалану бойынша кеңес беріп, қажетті қызметті рәсімдеуге көмектеседі.
Жаңа кеңсенің жұмысымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев танысты.
– Мемлекеттік қызметтерді цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары негізінде көрсетудің жаңа моделін қалыптастыру маңызды. Smart Point сияқты форматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жаңа деңгейге көтереді. Бүгінгі таңда осы үлгіні кеңінен енгізу – басты міндеттердің бірі, – деді Жаслан Мәдиев.
Smart Point кеңсесінде қызмет алушылар мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге арналған компьютерлерді пайдалана алады.
Сонымен қатар диалог форматында жұмыс істейтін eGovGPT көпагентті жасанды интеллект платформасы қажетті мемлекеттік қызметті анықтап, оны онлайн рәсімдеуге көмектеседі.
Жаңа цифрлық кеңседе құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтініш беруге болады. Сондай-ақ цифрлық сервистерді пайдалануды үйрететін оқу сыныбы мен күту аймағы қарастырылған.
Smart Point-тің басты ерекшеліктерінің бірі – құжаттарды беруге арналған аймақтың тәулік бойы жұмыс істеуі.
– Smart Point – халыққа қызмет көрсетудің заманауи форматтарын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – цифрлық технологияларды мемлекеттік қызметтерді алудың табиғи әрі қолайлы тетігіне айналдыру, – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, Астанада мемлекеттік емханалардың мәселелерін шешуге арналған Health AI хакатоны басталды.