12:59, 05 Қаңтар 2010 | GMT +5
Астанада жасөспірімдер арасындағы волейболдан ҚР Чемпионатының ІІ туры басталды
АСТАНА. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Еуразия» спорт залында 1992-1993 және 1994-1995 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы волейболдан Қазақстан Республикасы Чемпионатының ІІ турының ашылу рәсімі болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Қабдыуахит Жайдаровтың айтуынша, чемпионаттың 2009-2010 жылғы маусымы 6 күнге созылады және оған Қазақстанның барлық аймақтарынан барлығы 27 команда (ересек топта - 12, кіші топта - 15) қатысады.
Сондай-ақ Қ.Жайдаров, өткен жылғы күзгі чемпионаттың нәтижесі бойынша командалар бірнеше кіші топтарға бөлінгенін атап өтті. Олар аталмыш чемпионаттың аясында, яғни қаңтардың 5,6-сы және 7-сі күндері өзара ойнап, жеңімпаздарды анықтайтын болады. Ал чемпионаттың жүлделі орындары үшін ақтық сын қаңтардың 8,9-ы және 10-ы күндері өтеді.
Жарыс ойындары «Еуразия» спорт залында және Политехникалық колледжінің ғимаратында өтеді.