Астанада Жастар ресурстық орталықтарының басшыларына арналған оқыту тренингтері басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы «Қазмедиа орталығында» Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өңірлік Жастар ресурстық орталықтарының басшылары үшін «Кәсіби даму академиясы» жобасы аясында оқыту семинар-тренингі басталды. 

Астанада Жастар ресурстық орталықтарының басшыларына арналған оқыту тренингтері басталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жастар саясаты саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шара «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. 

Оқыту бағдарламасы көшбасшылық және басқарушылық дағдыларды дамытуға, заманауи цифрлық құралдарды, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын меңгеруге, сондай-ақ дағдарыстық коммуникация мен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекет ету дағдыларын жетілдіруге бағытталған. 

Үш күндік семинар барысында қатысушылар медиа және жасанды интеллект саласындағы сарапшылардан практикалық білім алып, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары, әлеуметтік желілермен жұмыс ерекшеліктері және мобилография негіздерін меңгереді. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, онда жасөспірімдер мен жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 

«Кәсіби даму академиясы» жобасы 2021 жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Жоба жастармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін жүйелі түрде жетілдіруге ықпал етіп, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тиімділігін арттыруға маңызды үлес қосып келеді. 

Еске сала кетейік, педагогтерге онлайн-қауіпсіздік бойынша міндетті тренинг енгізілетінін жазғанбыз.